«Қорқақ әкім». Оразалин НЕГЕ Президентке жалтақтай береді?

Оңдасын Оразалин 2019 жылдың басында Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалған. Үш жылдан аса уақытта оның басынан қиқу кетпеді. Бүгін Оразалин Елордада журналистер алдында есеп берді.
Естеріңізге салайық, Қаңтар бүлігі кезінде Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалин халықтың алдына шыққан жоқ. Қарамағындағыларды алдыға салып қойып, өзі басбағып отырды. Осы үшін де оны жұрт оңдырмай сынады. Бірақ Оразалиннің терісі қалың екен.
- Тақырыпқа орай: Оразалин отставкаға кете ме?
Қаңтар бүлігі кезенде жұрт алдына Оразалиннің өзі шықпай, Ақтөбе қаласының әкімі әрі спортшы Асхат Шахаровты алдыға салып қойғанын қорқақтық деп бағалауға болар. Ал енді Оразалин облыс әкімі болғалы өңірдегі наразы топтардың бірде-бірімен кездеспегені, ешбірін қабылдамағаны қалай?
Nege тілшісінің осы орайдағы сұрағына Оразалиннің жауабы мынадай болды:
«Мен үш жылдан бері осындай заңсыз әрекет жасағандардың алдына бірде-бір рет шыққан жоқпын. Түсініктеме де бермедім. Бұл – менің ұстанған қағидатым. Талап қойғандардың әрекеті заңға қайшы келді, көздегені – мемлекетті құлату. Сонда мен оны қолдауым керек пе?!»
Өзге әріптестері секілді наразы жұрт алдына шығуды сатқындық санайтын Оразалиннің түпкі ойын түсінбей, нақтылау үшін: «Сонда өзге аймақ басшыларының алаңға шығып, басу айтқанын қылмыс деп санайсыз ба?», – деп сұрадық. Оразалин тағы сырғытпа жауап қатты.
«Әр аймақта оқиға әрқилы өрбіді. Мен олардың әрекетін қате немесе дұрыс деп айта алмаймын. Өз орныма қала басшысын жібердім. Ол маған оқиғаны баяндап отырды», – деді ол.
Әкім болып кіріскен сәтінен бастап-ақ көпшілікке жақпаған Оразалиннің отставкасын талап етіп жатқандардың қарасы қазір де аз емес. Осы орайда Ақтөбе облысы әкімінен: «Отставкаға кетесіз бе?», – деп сұрадық.
«Оны халық шешпейді. Мені мемлекет басшысы әкім етіп тағайындады. Сол кісі жұмыстан босатпайынша, қызметімнен кетпеймін», – деп одырайды Оразалин.