Қорғаста қытайларға арналған казино салынуы мүмкін

Nege.kz порталының редакциясына Мәдениет және спорт министрлігінің мемлекеттік органдарға (соның ішінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасына) жолдаған хаты түсті.
Хат мазмұнына қарасақ, Қытай мемлекетінен келушілер үшін «Қорғас» Халықаралық шекара ынтымақтастық орталығының қазақстандық бөлігінде рекрециялық ойын аймағы құрылады делінген. Сол себепті Министрлік бұл мәселені жан-жақты зерттеу мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен, қоғам өкілдерімен және ойын бизнесі өкілдерімен жұмыс тобын құруды жоспарлапты. Жұмыс тобының құрамын бекіту үшін 2020 жылдың 17 қыркүйегіне дейін тізім бойынша мемлекеттік органдардан бірінші басшының орынбасарынан төмен емес кандидатураны ұсынуды сұраған. Осыған орай, жұрт арасында «Қорғаста қытайлар үшін казино салынады екен» деген ақпарат тарады.
Оқиғаның мән-жайын білмек болып тілшіміз Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласқан болатын. Желіде тараған хаттың жолданғанын министрліктің өкілдері растады.
«Қорғас» ШЫХО – Қазақстан Республикасы мен Қытай халық Республикасы шекарасындағы инвестиция тарту мен туризмді дамытуға бағытталған мемлекетаралық жоба», –дейді министрлік.
Министрліктің айтуынша, 2019 жылы ШЫХО аумағынан елімізге 3,5 млн Қытай азаматы келген. Яғни, осыншама туриске барынша түрлі деңгейдегі қызмет көрсету түрін ұсыну керек.
«Бұл бағытта тауар мен қызметтер экспорты екі тараптан да қызу жүреді деп күтіліп отыр. Орталық аумағына тек кедендік бекеттен төлқұжат тексеру арқылы кіруге болады. Бүгінде біздің мемлекеттік мекеме халықаралық орталықтың жетекшілігімен орталық қызметін тиімді пайдалану бойынша жұмыс істеп жатыр. Отандық өнімдер мен ойын-сауық бағытында қызмет түрлерін Қытай азаматтарына ұсыну жоспарланған. Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті елімізде ойын бизнесі саласына жауапты мекеме. Комитет өз құзыреті шеңберінде саладағы жағдайды зерттеп, жаңа мүмкіндіктерді қарастырып келеді», – делінген ресми жауапта.
Бұл бағытта жан-жақты талдау жүргізу мен нарықтағы жағдайды зерттеу үшін түрлі мемлекеттік жəне мемлекеттік емес құрылымдармен жиналыс өтіп тұрады деп сендірді министрлік өкілдері.
«Дегенмен, бүгінде аталған аумақта құмар ойын нысанын салу жайлы мəселе қарастырылып жатқан жоқ», – деп жауап берді.
Естеріңізде болса, 2016 жылы 21 желтоқсанда «Қорғас» ШЫХО аумағында жасырын жұмыс істеп келген қытайлық казино анықталған болатын. Анықталмай, жасырын жүргізіліп жатқаны қаншама?Ресми жауапта көрсетілген ойын-сауық бағытындағы Қытай азаматтарына көрсетілетін қызмет түрлері қандай болатыны әзірге белгісіз.
Nege.kz редакциясы тілшілері Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне бірнеше мәрте хабарласқанымен, жауап ала алмады. Баталовтың қазіргі баспасөз қызметі тым баяу жұмыс істейді немесе мүлдем жұмыс істемейді. Алдағы уақытта да ресми сауалдарымызға жауап бермесе, заң бойынша әрекет ететінімізді ескертеміз.