11 Желтоқсан 17:57
...

«Қорғас ісі» ҚОЖАМЖАРОВТЫ құрдымға тартып барады

Фото:
Бүгін ҚазТАГ агенттігі дереккөздің айтқанына сүйене отырып, Антикордың бұрынғы қызметкері Ұлан МӘДИЕВТІҢ ұсталғанын хабарлады. Ол «Қорғас ісі

» аясында «азаптау» бабы бойынша қамауға алынған көрінеді.

Агенттіктің жазуынша, «Қорғас ісі» бойынша ұсталған тек Мәдиев емес. Қайрат ҚОЖАМЖАРОВ Антикорды және Бас прокуратураны басқарып тұрған кезде «Қорғас ісінен» пайда көргендер де тергеуге алынған.

Мәдиев кім? Тараз Times басылымы сонау 2011 жылы «Генеалогические древа по-жамбылски» сериялы зерттеулерінің бірін Мәдиевтер әулетіне арнаған екен.

Басылым былай деп жазады: «Таразда Мәдиевтердің отбасы өте танымал. Отағасы Өскенбай Қабылбекұлы – техника ғылымының докторы, профессор, Инженерлік академияның академигі, Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын ұзақ уақыт басқарған.

«Қорғас ісі» бойынша сот процесі. Фото: ғаламтордан

Өскенбай Қабылбекұлының Сырым, Алмас, Ұлан деген ұлдары мемлекеттік қызметте. Қаржы полициясының полковнигі Ұлан Мәдмев Жамбыл облысы бойынша қаржы полициясы басшысының орынбасары болды, үш жыл бұрын орталық аппаратқа ауысып, Агенттік департаменттерінің бірін басқарды...»

Байқасаңыз, Мәдиев те Қожамжаров туып-өскен Жамбыл өңірінен екен. Мәдиевтің қаржы полициясында сатылап өсуін Қожамжаровпен байланыстыратындар көп. Мәселен, қаржы полициясының Алматы облысы бойынша департаментінің экс-басшысы Сергей ПОТАНИН мен Антикордың бұрынғы басшысы Талғат ТАТУБАЕВ та осы тізімде.

«Қорғас ісі» бойынша басты айыпталушылардың бірі Талғат ҚАЙЫРБАЕВ осыдан он жыл бұрын сол кездегі Бас прокурор Асхат ДАУЫЛБАЕВТЫҢ атына хат жазып, былай деген: «Алдын ала тергеу кезінде қаржы полициясының қызметкерлері С.Потанин, Т.Татубаев, Ұ.Мәдиев және маған белгісіз тағы бір қызметкер заңсыз әрекеттер арқылы қорқытып, алдап және қорғану құқығымды таптап, мені өзіме қарсы, Б.Құрманәлиев, Т.Жақаев және И.Абдрахмановқа қарсы түсініктеме беруге мәжбүрледі. Маған үлкен қызымның әужайдағы суретін көрсетіп, «қызың үйге жете алмай қалуы мүмкін» деп, ҰҚК қызметкерлеріне қарсы түсініктеме беруге мәжбүр етті.

Бұдан бөлек, Астанадағы тергеу изоляторында өміріме қауіп төнді: жаныма үш адамды отырғызды, олар егер мен қаржы полициясының талабын істемесем, суицидке келтіріп асып тастайтынын айтып қорқытты. Олардың талабы сол, мен ҰҚК қызметкерлері Құрманәлиев, Жақаев және Әбдрахмановқа қытай шекарасындағы контробандаға қамқорлық жасағаны үшін әр ай сайын 20 мыңнан 45 мың долларға дейін төлеп тұрғанымды айттым...»

Сол кездегі Бас прокурор Асхат Дауылбаев бұл арызға көңіл бөлген жоқ. Анығында, көңіл бөлгісі келмеді. Өйткені «Қорғас ісі» бойынша былыққа батқан қаржы полицейлерінің «құдайы» Қайрат Қожамжаров аз уақыт әкімдіктен кейін Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болып тағайындалған еді.

Егер Ұ.Мәдиевтің ұсталғаны анық болса, онда онда тергеушілер Қ.Қожамжаровқа тағы бір табан жақындай түсті деген сөз. Бірақ құқық қорғау органдары әзірге Мәдиевтің ұсталғанын ресми растаған жоқ.

Фото: Ақорда

«Қорғас ісі» бойынша айыпталған бұрынғы чекист Ерлан Әбдірахмановтың: «Контрабандадан түскен табыс экономикалық қылмыспен және жемқорлықпен күрес агенттігінің басшылығына – Қайрат Пернешұлы Қожамжаровқа кетті», – дегені тиісті адамдардың құлағына енді жеткен сыңайлы.

Жуырда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы мешітте бауырына арнап ас бергенде Қайрат Қожамжаров та келді. Бұрынғыдай емес, Қожамжаровтың еңсесі түсіңкі көрінді.

Журналистердің сұрағына жауап берген ол жеке заң компаниясын ашқанын айтып қалды. Дәл қазір Қожамжаровқа барынша қорғану өте қажет сияқты...  

Тегтер: