Қорғаныс министрлігі: Өз бетінше әрекет жасамауды сұраймыз
Кеше порталымызда Түркістан облысының Арыс қаласындағы депода цистернаның ішінен снаряд табылғанын жазғанбыз. ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі оқыс оқиғаға байланысты түсініктеме берді.
Нұр-Сұлтан, NEGE. «30 маусымда Арыс қаласының вагон-жөндеу депосының қызметкерлері жөндеуге әкеле жатқан теміржол цистернасын тексергенін хабарлаймыз. Оның нәтижесінде корпустың зақымданғаны, ал цистернаның ішінде снарядқа ұқсас зат болғаны анықталды.
Жөндеу кәсіпорнының қызметкерлері қауіпсіздік мақсатында құқық қорғау органдарына табылған зат жөнінде хабарлаған.
Оқиға орнына жеткен Қорғаныс министрлігінің мобильді тобының сапер мамандары бұл заттың жарылу қаупі жоқтығын анықтады. Фрагмент одан әрі жоюға әкетілді.
Белгісіз заттар немесе олардың қалдықтары табылған жағдайда Қорғаныс министрлігінің мобильді тобының өкілі орналасқан құқық қорғау органдарына хабарлау қажеттігін естеріңізге саламыз. Шақырған кезде мамандар жергілікті жерді, объектілерді қарап шығады және табылған заттарды әкетеді.
Мобильді топты шақыру үшін 102 нөміріне қоңырау шалыңыз. Сонымен қатар, күдікті заттың тұрған жерін және басқа да қажетті мәліметтерді хабарлау қажет. Бұндай жағдайда өз бетінше ешқандай әрекеттер жасамауды сұраймыз», – деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.