27 Қаңтар 17:50
...

Қорғаныс министрлігі: Әскерде әлімжеттік деген ұғым жоқ

Фото:

Бүгін Орталық коммуникациялар алаңында «Мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға білім беру саласындағы жеңілдіктер» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. 

Әскери борышын өтегендер университетте тегін оқи алады. Қорғаныс министрі 44 жоғары оқу орнымен әскери борышын өтегендерге 3000 грант беру туралы меморандумға қол қойған болатын. 

Мерзімді әскери қызметтен өткен азаматтар оқу орындарына тегін түсуі үшін қандай құжаттар тапсыруы керек? Жоба биылғы жылдан басталады? Әскери борышын бұған дейін өтеп қойған сарбаздар қатыса ала ма? NEGE-нің тілшісі жолдаған сауалдарға ҚР ҚМ білім және ғылым департаменті бастығының орынбасары полковник Бегім Нұржанұлы Нұрмаханов жауап берді.    

«Жоғары оқу орындарына жеке куәлігінің, білімі туралы құжаттың көшірмесін, 086 анықтамасын тапсыруы тиіс. Оның арасында әскери қызметті өткергені туралы анықтаманы ұсыну тиіс. Бұл құжатты халыққа қызмет көрсету орталығында алуға болады. Әскери қызмет аяқталғаннан кейін ҰБТ-ны ескерместен екі жыл ішінде ақылы негізде ЖОО-ға оқуға түсу мүмкіндігі бар. Екіншіден, жауынгерлік даярлықта, жүктелген міндеттерді орындауда жоғары нәтижелерге қол жеткізген және үлгілі әскери тәртібімен ерекшеленген әскери қызметшілерге ҰБТ тапсырмай-ақ, ЖОО есебінен оқу құқығы беріледі», - деді Бегім Нұржанұлы. 

Соңғы кездері әскердегі жаға ұстатарлық, сұмдық оқиғалардың болғанын естіп жатырмыз. Борышын өтегендерге жасалған осындай жеңілдіктер әскердегі әлімжеттікті тыя ала ма? Бұл сауалға ҚР ҚМ БАҚ-пен жұмыс жөніндегі басқармасының бастығы подполковник Руслан Тұрғымбайұлы Жангулин жауап берді. 

«Қазіргі уақытта әскердегі қызметті оңтайландыру, беделін арттыру үшін көптеген іс-шаралар қабылданып жатыр. Солардың бірталайын брифинг барысында айтып жатырмыз. Ал енді әлімжеттік көрсету мәселесіне келетін болсақ, қазіргі уақытта әскерде, жалпы әскери құрылымдар қатарында мұндай ұғым жоқ деп айта аламыз. Неге дейсіздер ғой? Бірінші кезекте, сарбаздар әскери қызметке бір жыл көлемінде шақырылады. Жоғары шақырылғандар мен одан төменгі лекпен шақырылған сарбаздар бір-бірімен қызмет барысында кездеспейді. Екіншіден, қазіргі уақытта барлық әскери органдар міндетті түрде сарбаздарды күнделікті бақылауда ұстайды. Әрбір әскери бөлім аумағында бейне бақылау камералары орнатылған. Одан бөлек жауапты офицерлер, командирлер және олардың тәрбие және идеология жөніндегі орынбасарлары, әскери полиция органдары, әскери прокуратура органдары бірлесе қызмет етеді. Сондықтан да мұндай фактілердің Қарулы күштер мен басқа да әскери құрылымдар қатарында жоқ деп айта аламыз», – деп жауап берді Руслан Тұрғымбайұлы. 

 

Тегтер: