8 Маусым 13:03
...

Қорғаныс министрі: Сарбаздар ата-аналарынан ақшаны тәтті тамақ жегісі келгендіктен сұрайды

Фото:

Соңғы уақытта әскердегі өлім жиілеп кетті. Баласын отан қорғауға жіберіп, мүрдесін құшақтап қайтқан ата-аналар қорғаныс министрінен көмек сұрады. Бірақ Қорғаныс министрі Р. Жақсылықов «әскердегі өлімге тек біз ғана кінәлі емеспіз» деп мәлімдеді. Журналистерге жауап беруден сескенетін Жақсылықовқа Мәжіліс залына бара жатқан жерінен бірнеше сұрақты қойдық. Алайда ол әскердегі олқылықты мойындағысы келмеді.  

«Соңғы жағдай Қорғаныс министрлігінің құзыретіне жатпайды. Мемлекет басшысы әрбір жағдайды шешу міндетін қойды. Біз тұтас комиссия құрдық. Біз оны армиядағы «нөлдік өлім» бағдарламасы деп атадық.  Сарбаздар әр түрлі жағдайда өз-өзіне қол жұмсайды. Бұған тек армия кінәлі емес», – деді Р. Жақсылықов.

Сонымен қатар ол әскери қызметшілердің өмірі үшін жауапкершілік командирлерге жүктелетінін мойындады.

Журналистер министрге: «Әскердегі өлімді тоқтату үшін, әскердегі жұмыстарды жеңілдету керек шығар?», – деп сұрақ қойды.

«Әскерде сарбаздар тек еден жуып, төсек жинайды. Одан басқа жұмыс жоқ. Еден жуу – әр әскери қызметшінің міндеті. Роталық шаруашылықты ұстанып, санитарлық тазалықты сақтау керек. Айтпақшы, сарбаздар картоп тазалап, ыдыс жумайды. Оны істейтін басқа мамандар бар», –  деп сөзін қортындылады.

Жауынгерлердің туыстарынан ақша жіберуді сұрағаны туралы ол мұнда әр жағдайды жеке қарау керек деді.

«Білесіздер, 18-19 жастағы жігіттер тәтті тамақ жегісі келеді. Сарбаздар ата-аналарынан ақшаны тәтті тамақ жегісі келгендіктен сұрайды. Дедовщина болуы мүмкін емес. Себебі жаңа ротаның ұйықтайтын казармасы бөлек болады», – деп мәлімдеді Жақсылықов.

Естеріңізге сала кетейік, 4 маусымда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев армияда адам өлімінің жиілеп кетуіне байланысты арнайы комиссия құруды тапсырған болатын.

Тегтер: