Қорғаныс министрлігінің құзыреті кеңейтілді

Үкімет 2025 жылғы 22 шілдедегі қаулысымен Қорғаныс министрлігінің құзыретіне қатысты ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізді.
Алматы, NEGE. Құжатқа сәйкес, министрліктің құзыреті келесі тармақтармен толықтырылды:
— министрліктің, Бас штабтың және Қарулы Күштердің құрылымдық бөлімшелерінің министрлік мүддесіне мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыру кезіндегі өзара іс-қимылы қағидаларын бекітеді;
— Қарулы Күштердің мемлекеттік мекемелері тарапынан тауарларды (жұмыс пен көрсетілетін қызмет) өткізу және олардан түскен қаражатты пайдалану қағидасын бюджетті орындауға уәкілетті орталық органмен келісу арқылы бекітеді;
— зерттеулер, консалтингтік қызмет құнын белгілеу қағидасын бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу арқылы бекітеді;
— мемлекеттік тапсырма құнын айқындау қағидасын бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу арқылы бекітеді;
— лизинг шарты шеңберінде жүзеге асырылатын ауқымды шығындар құнын және нысанын айқындау қағидасын бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу арқылы бекітеді;
— әскери даярлық сабақтары мен жиындарын, сондай-ақ Қарулы Күштердің резервінде әскери қызмет өткеріп жатқан әскери қызметшілердің төтенше жағдай кезінде жиын өткізу қағидасын бекітеді.
Сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің бірінші басшысы, Қарулы Күштердің мемлекеттік мекемелерінің бірінші басшысының ұсынысы негізінде, кіріс әкелетін қызметпен айналысу құқығы берілген, түскен қаражат әскери мекемеде қалады (ҚР заңнамасында өзгеше көзделген жағдайды қоспағанда).
Одан бөлек, жаңартылған құзырет қатарында:
— қорғаныс объектілерін салуға, жаңартуға және пайдалануға арналған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша жер учаскесін өтеусіз уақытша пайдалануға беру қағидасын бекітеді;
— жеке әріптестің шығынын өтеу мақсатында қорғаныс объектілерін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша меншіктен шығару қағидасын бекітеді;
— мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша меншіктен шығарылатын қорғаныс объектілерінің тізбесін әзірлейді;
— мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру кезінде министрлік, Бас штаб және Қарулы Күштердің құрылымдық бөлімшелерінің өзара іс-қимылы қағидасын бекітеді.
Аталған қаулы 2025 жылғы 5 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.