USD
USD
USD

Қорғаныс министрлігі «ақ билетке» қатысты мәлімдеме жасады

Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметті кейінге қалдыру немесе одан босату туралы шешімді тек шақыру комиссиясы қабылдайтынын мәлімдеді.

Әскерилер
Фото: ortcom.kz

Астана, NEGE. Ведомство мәліметінше, әлеуметтік желілерде «әскерден қалдыру» немесе «ақ билет» алып беру бойынша қызмет ұсынатындардың жарнамасы көбейген. Министрлік өкілдері қандай да бір заңсыз тәсілдер қылмыстық жауапқа әкеп соқтыруы мүмкін екенін ескертеді.

«Әскерге шақыру мәселелері бойынша заңгерлік кеңес беру – заңды қызмет. Алайда медициналық құжаттарды қолдан жасау, жалған диагноздарды рәсімдеу және әскери қызметтен жалтарудың өзге де заңсыз тәсілдері делдалдар үшін де, шақырылушылардың өздері үшін де қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады», – делінген хабарламада.

Қорғаныс министрлігі тұрғындарды күмәнді схемаларға қатыспауға шақырады.

«Жергілікті әскери басқару органдары (әскери комиссариаттар) немесе медициналық комиссиялар арқылы "мәселені шешіп беруге кепілдік береміз" деп азаматтарды жаңылыстыратын "әскери комиссариаттардың көмекшілерінің" айла-шарғыларына алданып қалмаңыздар», – дейді министрлік өкілдері.

Азаматтар мерзімді әскери қызметке Президент жарлықтары мен қолданыстағы заңнама негізінде шақыртылады. Әскерге шақыру жұмыстарын жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырады, ал шақырылушылардың тізімін жасау және шақыру қағаздарын табыстауды жергілікті әскери басқару органдары қамтамасыз етеді.

«Азаматтар шақыру комиссиясының шақыру қағазы бойынша жергілікті әскери басқару органдарына келуге міндетті. Оны жеке табыстау мүмкін болмаған жағдайда азаматтардың келуін ішкі істер органдары қамтамасыз етеді.

Медициналық тексеруді жергілікті денсаулық сақтау органдарының мамандары өткізеді. Олар азаматтың әскери қызметке жарамдылық санатын анықтайды. Заңды негіздер болған жағдайда мерзімді әскери қызметті кейінге қалдыру немесе одан босату мүмкіндігі беріледі, ал басқа жағдайларда азаматтар мерзімді әскери қызметке жіберіледі.

18-ден 27 жасқа дейінгі, кейінге қалдыру немесе босату құқығы жоқ ер азаматтар әскерге шақырылады. Шақыру жылына екі рет – наурыздан маусымға дейін және қыркүйектен желтоқсанға дейін жүргізіледі».

Қорғаныс министрлігі азаматтарды өз құқықтарын іске асыру үшін тек заңды тетіктерді пайдалануға кеңес береді.

Қазір оқып жатыр

Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев

Шымкентте TikTok арқылы жүргізуші куәлігін саудалаған ер адам қамауға алынды

Күдікті

Air Astana басшылығына төленетін төлемдер шамамен 6 млрд теңгеге дейін ұлғайған

AirAstana

Зейнетақының 20 пайызын ұстап қалатыны рас па?

Зейнетақы