Қорғаныс министрі парадқа дайындықты тексерді

Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеруге дайындық жүріп жатқан индустриалды қалашық пен далалық лагерьде болды.
Алматы, NEGE. Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев қорғаныс ведомствосының басшысына жеке құрам мен техниканың дайындығы туралы баяндады.
– Бөлек жаттығулар аяқталуға жақын. 25 сәуірден бастап шеруге қатысушылар жауынгерлік техника мен авиация қатысатын бірлескен жаттығуларға кіріседі. Ал 3 және 5 мамырдағы негізгі дайындық Қазақ елі алаңында өтеді, – деді генерал-майор Мереке Көшекбаев.
Қорғаныс министрі жеке құрам мен механикаландырылған лектердің парадтық есептоптарының өтуін қадағалады.
Қорғаныс ведомствосының басшысы әскери шеруге қатысушыларға алғысын білдірді.
– Бүгін сіздер еліміздің Қарулы күштері үшін маңызды шараға қатысуға дайындалып жатырсыздар. Әскери шеру жай ғана көрініс емес, оның рөлі Қазақстан армиясының жауынгерлік дәстүрлері мен еліміздің мәдени мұрасын сақтауда жатыр. Қазақстанда әкелері мен аталары майданға кетпеген бірде-бір отбасы жоқ. Сіздердің бүгінгі еңбектеріңіз – ХХ ғасырдағы ең қанды соғыста ерлікпен қаза тапқан ата-бабаларымызға деген құрмет, – деді генерал-полковник Руслан Жақсылықов әскери қызметшілерге сөйлеген сөзінде.
Ол сондай-ақ лауазымды тұлғалардың назарын санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды, тұрғылықты жерлерде белгіленген жылу режимін сақтау, жеке құрам үшін жоғары калориялы толық тамақтануды қамтамасыз ету және дала лагерінде тәртіптің жоғары деңгейін сақтау қажеттілігіне аударды.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскер парад 7 мамырда Астананың басты алаңында өтеді. Оған 4 мыңнан астам әскери қызметші, 300-ден аса қару-жарақ пен әскери техника, оның ішінде Ұлы Отан соғысы кезіндегі әскери техниканың үлгілері мен майдандық, армиялық және әскери-көліктік авиациясының 60-тан астам әуе кемесі қатысады.