Қорғаныс министрі мерзімді әскери қызметшілердің тамақтануын жеке барып тексерді

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов алдын ала ескертусіз «Астана» өңірлік қолбасшылығының Қарағанды гарнизонындағы 31775 әскери бөліміне келді.
Алматы, NEGE. Қорғаныс ведомствосының басшысы жұмыс сапары барысында қызметтің ұйымдастырылуын, казармалар мен санитарлық аймақтардың жай-күйін, сондай-ақ, тамақтану сапасын тексерді. Мерзімді қызмет сарбаздарын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Әскери қызметшілермен әңгімелескен министр олардың тұрмыстық жағдайларына, туыстарымен байланысу мүмкіндігіне және бөлімшелердегі моральдық ахуалға қызығушылық танытты. Жабдықтаудың тұрақтылығын атап өткен жеке құрам көрсеткен қамқорлығы үшін қолбасшылыққа алғысын білдірді.
Сарбаз асханасындағы түскі ас кезінде авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов дайындалған тағамдардың әр алуандығы мен сапасын жеке бағалады. Сапар қорытындысы бойынша қолбасшылыққа күнделікті қызметті ұйымдастыруды жақсарту және тәртіпті нығайту туралы нақты нұсқаулар берді.
– Мұндай сапарлар объективті көрініске көз жеткізуге,кемшіліктерді тез анықтап, туындаған мәселелерді оң шешуге мүмкіндік береді. Бұл ұжымдағы өзара түсіністік пен бірлікті және бөлімшелер жұмысының тиімділігін арттырады, – деп атап өтті министр.
Қорғаныс министрінің айтуынша, мұндай күтпеген тексерулер әскери қызмет стандарттарын арттыру және тұрақты мониторинг мақсатында жалғасатын болады.