Қорғаныс министрі әскери қызметте қаза тапқан сарбаздардың туыстарымен кездесті
Қорғаныс министрі, генерал-майор Айдос Мырзахметов әр жылдары әскери қызмет кезінде қаза тапқан және ауыр жарақат алған сарбаздардың туыстарымен кездесті.
Астана, NEGE. Министрдің қабылдауына бастамашыл топтың өкілдері, Бас әскери прокурор мен Ұлттық ұлан өкілдері де қатысты.
Кездесу барысында әскери қызметшілердің жақындары өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, тиісті сұрақтарын қойды.
«Қорғаныс министрлігі қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасының қайғысына ортақтасып, туыстарының өтініштеріне түсіністікпен қарайды. Әрбір өтініш мұқият қаралып, нақты жауап беріледі», – деді Айдос Мырзахметов.
Министрдің айтуынша, ол әрбір жағдаймен жеке танысып, туыстары ұсынған материалдарды зерделейді.
Еске салайық, осыдан бір ай бұрын, 24 қыркүйекте Каспий теңізінде оқу-жауынгерлік міндетті орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, 17 әскери қызметші суға кеткен болатын. Олардың үшеуі құтқарылып, қалған 14 әскери қызметші қаза тапты.
Қайғылы жағдайдан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен қорғаныс саласын түбегейлі реформалау жұмыстары басталды.
Енді жаңа жүйе бойынша әскерге шақырылғандар алғашқы алты айда оқу орталықтарында дайындықтан өтеді. Ал қалған алты айда әскери бөлімдерде қызмет етіп, жауынгерлік даярлықпен айналысады.