Қордайдағы жағдайға полиция түсініктеме берді
Бұған дейін «NEGE.KZ» «Қордайда не болып жатыр?» деген тақырыппен материал жариялаған еді. Ресми ақпаратқа қарағанда, Сортөбе ауылында көлік жүргізушісі полиция қызметкерлеріне бағынбаған.
Алматы, NEGE. Осыған байланысты полицейлер мен жүргізушінің туыстары арасында жанжал туған. Жергілікті тұрғындар полиция көлігіне тас атып, полицейлермен жаға жыртысқан. Заң органы қызметкерлеріне бағынбаған адамдардың үстінен қылмыстық іс көтерілген.
Ал жұртшылық әлеуметтік желі арқылы көріп жатқан бейне және фото материалдар – осы оқиғаның жалғасы. Бұл оқиғалар Сортөбеде емес, Масаншы ауылында орын алған.
Осыған байланысты Жамбыл облысы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі мынадай мәлімет берді: «Жамбыл облысының Қордай ауданы Масаншы ауылында тұрғындар арасында топтық төбелес орын алды. Полицияның күшімен қақтығыс тоқтатылды, жағдай бақылауда. Жамбыл облысы Полиция департаментінің Тергеу басқармасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабы (бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қақтығысты бастаушылар мен қатысушылар анықталуда. Жамбыл облысының Полиция департаменті азаматтардан тек ресми ақпаратқа сенуді және қауесеттер мен жалған хабарламаларды таратпауды сұрайды.
Жалған ақпаратты, оның ішінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз».