Қордайда 8 адам қаза тауып, 40 адам жарақат алған

Орталық коммуникациялар қызметінде Жамбыл облысындағы жағдайға байланысты жедел баспасөз мәслихаты өтті. Онда ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қордай ауданындағы қақтығыс кезінде 8 адам қайтыс болып, 40 адам жарақат алғанын хабарлады.
«19.00-де біз Қордай ауданында қақтығысқа 70-тен астам адам қатысқаны туралы хабар алдық. 8 адам қайтыс болды. 40-тан астам адам жарақаттанған. ІІМ және Прокуратура оқиға орнында жұмыс істеп жатыр, қылмыстық іс қозғалды. Куәгерлер мен арандатушылар оқиғаны түсіріп, әлеуметтік желі арқылы тұрғындарды күш көрсетуге шақырды. Бұзақылар арматура, тас және суық қару қолданған. Полиция қызметкерлері түрлі жарақат алған. 7 адам ұсталып, олардан екі аңшы мылтығы тартып алынды. Қазіргі таңда жағдай тұрақтанды», – деді Ерлан Тұрғымбаев.
Мәліметке қарағанда, сотқа дейінгі тексеру жұмыстары Қылмыстық кодекстің 272 және 99 бабы бойынша жүргізіліп жатыр.
Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев былай дейді:
«Сіздерді шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратпауға шақырамын. Видео не аудио жібергенде, абай болыңыздар. Сіздердің хабарламаларыңыз трагедияға әкелуі мүмкін. Бүгін мессенджерлердегі хабарламаларға байланысты осындай қайғылы оқиға болды. Тұрмыстық қақтығыс ұлтаралық сипатқа қарай бұрылған. Ескі видеолар таралған болуы да мүмкін, біз бұған жол бермеуіміз керек», – деген Дәурен Абаев.
Сондай-ақ, министр ақпаратты жедел таратуға уәде берген. Бүгін ҚР вице-премьері Бердібек Сапарбаев оқиға орнынан мәлімдеме жасауы керек.
Масаншы ауылында болған жаппай төбелес салдарынан 30 үй мен 23 көлік өртке оранған көрінеді.