Көпбалалы отбасы атанған өнер иелері кімдер?

Елімізде көпбалалы отбасы атанған ата-аналар жетерлік. Бұл қатарда сахнаның сәніне айналған отандық шоу-бизнес өкілдері де бар. Оларды көпшілік үлгі тұтады. Ендеше, назарларыңызға өнер мен отбасын қатар алып жүрген «жұлдыздардың» тізімін ұсынамыз.
Көпбалалы әншілердің қатарында көш бастап тұрған жұлдызды жұп Қыдырәлі мен Қарақат. Шаңырақ көтергендеріне 20 жыл болған жарасымды жұптың Бекболат, Иманәлі, Нұрәли, Айсұлтан есімді ұлдары және кенже қыздары Аяла бар. Көптен күткен қыз баланың есімін Қыдырәлі Болман өзі қойыпты.
Мирас пен Құралай отбасылық өмірді жаңа бастағанда төрт жыл бойы сәби сүйе алмаған. Өнерлі жұп бүгінде үлгілі отбасы, көпбалалы ата-ана атанды. Үнемі гострольдік сапармен жүретін олар балаларына еш алаңдаушылық танытпайды. Өйткені жұлдызды жұп гастрольге кеткенде әжесі балаларына қарайды екен.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Төле би ауданының құрметті азаматы Алтынай Жорабаева халыққа өнерімен ғана емес, жеке өмірімен де танылған жұлдыздардың тізімінде.Көпбалалы ана төрт қыз тәрбиелеп отыр.
Әнші Индира Расылхан да әріптестерінен қалысқан жоқ. Төрт баланың анасы өнерде өз орнын тапқан. Айдина, Дарина есімді егіз қыздары мен ұлы Аслан ес біліп қалды. Сүт кенжесі Раяна биыл 7 жаста.
Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатов пен жары Мөлдір Мұқанова - көп балалы отбасылардың бірі. Олар 3 қыз, 2 ұл тәрбиелеп отыр.
Әнші Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Әбдікәрімованың Алау мен Сезім есімді қыздары, Нарұл, Хан атты ұлдары бар. Жұлдызды жұптың балалары да өнерден кенде емес. Олар хитменнің былтырғы жылы өткен отбасылық концертінде өнерлерімен танылған болатын.
«Алдараспан» театрының жетекшісі, белгілі актер Нұржан Төлендиевтің алты баласы бар.
Танымал әнші Роза Әлқожа бес баланың анасы.
«АБК» және «К-7» топтарының бұрынғы әншісі Ерлан Көкеев - төрт баланың әкесі. Жары Анар екеуі Әйгерім, Рената, Сәтті есімді үш қыз бен Ақжан атты ұл тәрбиелеп отыр. Әртіс бақытты әке екенін жиі айтады, болашақта тағы кішкентайлы болсам деген арманы бар.
«China Town» тобының бұрынғы солисі Динара Сұлтан алтыншы баласына аяғы ауыр.
«МузАРТ» тобының әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының проректоры Сәкен Майғазиев те көпбалалы әкелердің қатарында. Аяулы жары Динарамен бірге төрт баланы тәрбиелеп отыр.