Көпбалалы ана бастығын сотқа берді
Ақмола облысында 4 сағатқа сұранып, орнына әріптесін қалдырған көпбалалы ана жұмыстан шығарылған. Әйел сотқа жүгініп бастығынан 900 мың теңгеге жуық өтемақы алып, жұмыс орнында қалатын болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
Алматы, NEGE. Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі алқасы көп балалы ананың жұмыстан босату, жұмысқа қайта қабылдау бойынша азаматтық істі қарады.
Деректерге сүйенсек көп балалы ана 2023 жылдың қыркүйегінен бастап дүкенде аға кассир болып жұмыс істеген. 2024 жылдың 4 наурызында ол директордан сұранып, орнына әріптесін қалдырып төрт сағат бойы жұмыс орнында болмаған.
"Бірақ дүкен директоры А. - ның жұмыста болмағаны туралы акт жасап, түсініктеме сұрап, оны жұмыстан босату туралы бұйрық шығарды. Сот А. - ны жұмыстан шығару келесі негіздер бойынша заңсыз деп таныды: А. Жұмыс орнында дәлелді себептермен болмаған. Басшылықтың рұқсатымен оның орнына әріптесі ауыстырылған. Жұмыстан босату түріндегі тәртіптік жазаға негіз жоқ. Куәгерлер, дүкен қызметкерлері А. дүкен директорынан сұрағанын растады. Бұйрықта жұмыстан босатудың негізі көрсетілмеген. Тек еңбек кодексінің 49-бабының 3-тармақшасына сілтеме жасалған жалпы сипаты бар",-делінген Ақмола облысы сотының баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сот көп балалы әйелдің талабын қанағаттандырып, жұмыстан шығару туралы бұйрықты жарамсыз деп таныды. Әйел дүкеннің аға кассирі болып орнында қалды.
"А. пайдасына ЖШС-тен мәжбүрлі жұмыстан негізсіз шығарғаны үшін 895 520 теңге көлемінде ақы өндірілсін. Алқа қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Жұмысқа қайта оралу және жалақы төлеу туралы шешім дереу орындалсын",-делінген хабарламада.