19 Қаңтар 12:46
...

Тоқаев: Конституцияның бірден бірнеше бөлімі қайта қаралатын болады

Ақорда
Фото: Ақорда

Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Ақорда.

Астана, NEGE. Жиында сөз алған Мемлекет басшысы саяси жүйені одан әрі реформалаудың маңызы мен мазмұнына тоқталып, институционалдық негізді терең жаңғырту және заң шығарушы билік тармағын жүйелі түрде қайта форматтау қажеттігін айтты.

«Ертең Ұлттық құрылтай отырысында мен еліміздің тағдырына қатысты бұл мәселе бойынша нақты пікірлерімді айтамын. Нақтылай айтқанда, еліміздің сапалық тұрғыдан мүлдем жаңа саяси тұрпаты қалыптасып жатыр. Парламенттік реформаны жүзеге асыру үшін Конституцияның бірден бірнеше бөлімін қайта қарау қажет болады. Сондықтан Ата заңымызға осыған дейін енгізілген өзгертулерді ескерсек, Жұмыс тобы ұсынып отырған түзетулер жобасы Қазақстанның шын мәнінде жаңа Конституциясы туралы айтуға негіз болады», – деді Мемлекет басшысы.

Президент алдағы конституциялық реформаны талқылау басталғалы бері жарты жылға жуық уақыт өткенін еске салып өтті.

Президенттің айтуынша, осы кезеңде қоғамда елдің жоғары заң шығарушы органын трансформациялаудың мақсаттары мен міндеттеріне қатысты дұрыс түсінік қалыптасқан. Оның сөзінше, конституциялық реформаның негізгі бағыт-бағдары айқындалған.

Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектегі халыққа арнаған Жолдауынан кейін өрбіген қоғамдық пікірталастарды мұқият қадағалап отырғанын жеткізді.