Конституциялық құрылысты өзгертпек болған: Атырауда бір топ адам ұсталды
Атырауда экстремистік топ құрып, терроризмді насихаттады деген күдікпен 10 адам ұсталды. ҰҚК мәліметінше, күдіктілер Қазақстанның батыс өңіріндегі конституциялық құрылысты күшпен өзгертуді көздеген.
Астана, NEGE. Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратура органдарының үйлестіруімен Атырау қаласында сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде бір мезгілде 10 адамды ұстады.
«Олар экстремистік топ құру, оған басшылық ету және оның қызметіне қатысу, сондай-ақ терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздырды деген күдікке ілінді», – деп хабарлады ҰҚК.
Комитеттің хабарлауынша, тінту кезінде күдіктілерден атыс қаруы, есірткі заттары, діни бұйымдар, әдебиеттер және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді. Сонымен қатар топ мүшелері балалар мен жасөспірімдерге арнап құрған үш жерасты оқу орталығының қызметі тоқтатылды.
ҰҚК дерегінше, топтың бірқатар мүшесі бұған дейін террористік және жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін сотталған.