USD
USD
USD

Конституциялық құндылықтардан жаңа этикаға дейін – Ерлан Қарин ішкі саясаттың негізгі бағыттарын айқындады

Вице-президент Ерлан Қариннің төрағалығымен өткен Идеологиялық кеңестің отырысында ішкі саясаттың негізгі басымдықтары талқыланды. Жиынға Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелері мен орталық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

.
Фото: Akorda.kz

Астана, NEGE. Ерлан Қарин ішкі саясаттағы басты міндеттердің бірі – Конституцияда бекітілген құндылықтарды қоғамда орнықтыру екенін айтты. Оның сөзінше, бұл қағидаттар Президенттің елді жаңғыртуға бағытталған реформаларының негізін құрайды.

Бұл бағытқа заң мен тәртіпті нығайту, ұлттық бірлік пен этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау, мәдениет, білім, ғылым мен инновацияны дамыту, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау, еңбек құндылығын және жасампаз патриотизмді дәріптеу кіреді.

Қарин мемлекеттік органдар бұл жұмыста Президенттің ішкі саясаттың негізгі қағидаттары мен құндылықтарын бекіткен Жарлығын және Конституцияны ілгерілету жөніндегі іс-шаралар жоспарын басшылыққа алатынын атап өтті.

Жиында жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру мәселесі де көтерілді. Ерлан Қарин оның қоғамдық орындардағы мінез-құлықтан бастап, күнделікті өмірдің түрлі саласын қамтуы керегін айтты. Сонымен қатар қоғамға жат құндылықтарды таңуға, ескілікке қайта оралуға және тарихты мифке айналдыруға қарсы жүйелі жұмыс қажет екенін атап өтті.

Кеңесте «Қазақстан балалары», дін саласындағы мемлекеттік саясат, жастар саясаты және әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі тұжырымдамаларды іске асыру мәселелері де қаралды.

Бұдан бөлек, «Оқитын ұлт» тұжырымдамасын және этносаралық қатынастар мен қоғамдық келісімді дамытуға арналған жаңа тұжырымдаманы әзірлеу қажеттігі айтылды.

Ерлан Қарин мемлекеттік органдардың ішкі саясаттағы жұмысын біріздендіріп, нақты талаптар мен рәсімдерді бекіту керек екенін атап өтті.

«Біздің ортақ міндетіміз – азаматтардың сұранысына тиімді жауап беру, жасампаз күн тәртібі мен жаңа конституциялық құндылықтарды ілгерілету, Президент бастамаларының сапалы әрі тиімді іске асырылуын қамтамасыз ету», – деді Қарин.

Жиын соңында жауапты мемлекеттік органдарға осы бағыттар бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Қазір оқып жатыр

Қазақстанда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері бір жылда 13,5% азайған

Пәтер кілті

Қазақстандықтар Қытай, Үндістан және бірнеше елде QR-кодпен төлем жасау мүмкіндігіне ие болмақ

QR-код

Қоғам белсендісі Санжар Боқаевтың ісі сотқа жетті

Санжар Боқаев

Астанада бір донор бірден үш науқасқа өмір сыйлады

Донор мен дәрігерлер