«КӨҢІЛІ де, ҚАРНЫ да тоқ болсын»: Сахнадағы сұлулар сүйіктілерін қалай құттықтайды?
Отан қорғаушылар күні. NEGE тілшісі өнерде жүрген біраз қыз-келіншектерге хабарласып, сүйіктілерін қалай құттықтап, қандай сый-сияпат жасайтынын сұрап көрді.
Нұржамал ҮСЕНБАЕВА, Қазақстанның халық әртісі, опера әншісі:
Сыйым – творчестволық атмосфера жасау
– 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесімен ер азаматтарымызды шын жүректен құттықтаймын!
Биыл біздің отбасымыз үшін ерекше жыл, Төлеген 75 жасқа толады. Соған орай түрлі қалаларда шығармашылық кешін бермек.
Менің жасайтын сыйым – сол кештердің жоғары дәрежеде өтуіне ат салысу.
Яғни, оған творчестволық атмосфера жасап, қолдау көрсету. Себебі, ел алдында есеп ретінде берілетін ол кештердің біз үшін жауапкершілігі өте жоғары. Азаматтарымызға амандық, саулық тілеймін. Еңбекте жеміс пен табысқа кенеле беріңіздер.
Шахизада БАЙПАТШАНОВА, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, әнші:
Қазы-қарта асып, «свиданиеге» шақырамын
– Шынымды айтсам, мерекенің жайын ойламаппын. Құдайға шүкір, қыстан қалған қазы-қарта бар үйде. Соларды жақсылап тұрып асып, «свиданияға» шақыратын шығармын. Махаббат туралы әуен қосып, әдемі кеш сыйлаймын.
Есесіне көңілі де, қарыны да тоқ болады. Ер азаматқа одан артық қандай сыйлық керек.
Бірақ, кәдесіз қалдырмауға тырысамын. Дегенмен, ол кісіде бәрі бар. Сондықтан не тарту ету қажеттігін жақсылап ойланамын. Өз басым шаң басып жатпай, күнделікті қолданатын дүние сыйлауға тырысамын.
Данагүл ТЕМІРСҰЛТАНОВА, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актриса:
Сыйластықты сыйлықпен өлшейтін кезеңнен өтіп кеттік
– Азат Кеңестік кезеңде теңіз флотында әскери борышын өтегендіктен, мерекені 23 ақпанда атап өтіп келдік қой. Кейінгі жылдары 7 мамырға алмастырылғаны белгілі. Әрине, ер азаматтардың да бір мейрамы болғаны жөн шығар.
Сыйластықты сыйлықпен өлшейтін кезеңнен өтіп кеттік. Сондықтан ананы немесе мынаны алып беремін деп айта алмаймын.
Егер ерлі-зайыптылар бір-бірін қадірлеп, қастерлеп жүрсе, одан асқан құндылық жоқ деп ойлаймын. Дегенмен мейрамда жақсы көретін тамағын дайындап, алдына қоямын. Негізі бұл үрдіс біздің отбасында тек мереке күні ғана емес, күнделікті тіршілікте көрініс табады.
Қарақат ӘБІЛДИНА, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші:
Азаматтарымыздың абыройын үйде де, түзде де үнемі асырып отырайық
– Мерекеде не істейміз деп отыр едім, сіз ойымды тап бастыңыз ғой. Құдайға шүкір, біздің үйде бес азамат бар. Барлығына ерекше ықыласымызды білдірсек деп отырмыз.
Біздің Қыдекеңе қыздарының айтқан тәтті тілегі бәрінен қымбат тұрады. Сатып алынған заттай сыйлықтан гөрі өз қолдарымен жасаған құттықтау бұйымдарын бәрінен жоғары санайды.
Рас, адамның өзіне қымбат екенін ұғындыру бақытқа бөлейтін құбылыс қой. Сондықтан әсерлі де әдемі кеш сыйласақ па деймін. Дәмді тамақ әзірлеп, ер азаматтардың рухын көтеретін әннен тарту жасағанымыз жөн болар. Қарындастары ағаларының суретін салып, астына тілегін жазып, жанталасып-ақ жатыр.
Замандас сіңлілеріме айтарым, әлеуметтік желіде ғана көзге көпе көренеу көрсетпей, азаматтарымыздың абыройын үйде де, түзде де үнемі асырып отырайық. Мейрам құтты болсын!
Жұлдыз ӘБДІКӘРІМОВА, «Әлем ханымы – 2020», актриса:
Ең құнды сыйлық ол – бір-бірімізге арнайы уақыт бөлу
– Биыл қалай болатыны белгісіз, бірақ біз жылда Отан қорғаушылар күнінде балаларымызды ертіп, мерекенің маңызын түсіндіру мақсатында соғыс ардагерлерінің үйіне барып, құттықтап шығатынбыз. Әрқайсысын жеке-жеке таныстырып, ерліктерін баяндап береміз. Балаларымыз да батырларымыздың өз аузынан естіген әңгімелерін ұйып тыңдап, рухани азық алып қайтатын.
Бұл – бір жағынан тәрбие. Бір жағынан, ұлдарым отан алдындағы парызын түсініп, борышын өтеуден қашпасын деген ой ғой.
Енді биыл жұмыс кестеміз тығыз болғандықтан, бұл үрдістің жалғасын табар-таппасы әзірге белгісіз болып тұр. Ал өзара құттықтауға келер болсақ, жалпы біздің отбасы үшін ең құнды сыйлық ол – бір-бірімізге арнайы уақыт бөлу. Биыл Қайрат шығармашылық сапарда жүретін болғандықтан, балаларды алып, алаңда өтетін мерекелік шараға барамын деп отырмын. Театарларда да тамаша қойылымдар өтеді, соған апарсам деген жоспарым бар.
Жәудір САРЫПБЕКОВА, «Серпер» сыйлығының лауреаты, актриса:
Жүрегімнің түкпіріндегі сөздерді айтып, ұйқысынан оятам
– Русланның бастамасымен Алматыдағы Мүсірепов театрында «Қораз» қойылымын қойып, үйімізге енді оралған жайымыз осы.
Ал мерекенің жайын келер болсам, биыл жолдасымды мейрамханаға шақырып, отбасымен атап өтсек деп отырмыз.
Негізі біздер көбіне ер адамдарға жылы сөз арнай бермейміз. Мысалы, күнделікті тіршілікте «Сен менің қорғанымсың», «Сен мықтысың», «Сенің арқаңда осылай ешкімнен кем болмай жүрмін» деген сынды жылы сөздерді айтудан тартынамыз. Осы мерекеде комплексті артқа ысырып, жүрегімнің түкпіріндегі сөздерді айтып, ұйқысынан оятсам деймін.