Қонаев қаласында әлеуметтік көмекке 1 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалады
Алматы, NEGE. Ресми мәліметтерге сәйкес, биыл халықты әлеуметтік қамсыздандыруға 1 миллиард 87 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржы АӘК төлеу, тұрғын үй көмегі, мұқтаж жандарға гигиеналық жабдықтармен көмек көрсету, жәрдемақылар мен біржолғы әлеуметтік көмек, мүгедектігі бар адамдарға үйде әлеуметтік көмек көрсету, қоғамдық көліктерде жеңілдікпен жүру сияқты түрлі әлеуметтік бағыттарға жұмсалмақ.
Қала басшылығы сондай-ақ әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін пәтерлер сатып алуды жоспарлап отыр. Қала инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар да жалғасатын болады. 10-шы шағын ауданда учаскелік полиция пункті мен қаңғыбас иттер мен мысықтарды уақытша ұстау пунктін салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді. Сонымен қатар 35 жаңа аялдама орнатылып, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Жолаушылар тасымалдау шығындарын субсидиялауға 335 миллион 624 мың теңге бөлінді. Қонаев қаласы осы жылы 55 жылдық мерейтойын атап өтеді, сонымен қатар «Қонаев әуендері» ансамблі құрылады. Дене шынықтыру және спорт орталығының қызметіне 23 миллион 468 мың теңге бөлінді.