USD
USD
USD

Көмір өндірісін жаңғырту: Qarmet шахталарында қандай өзгерістер бар?

Qarmet компаниясы баспасөз турында тілшілерге көмір өндіру жүйесі, шахталардағы қауіпсіздік технологиялары және көмір концентратын экспорттау бағыттарын таныстырды.

Көмір департаменті, Qarmet
Фото: Qarmet

Астана, NEGE. Qarmet компаниясының басты нысандарының бірі – көмір департаментіндегі диспетчерлік-талдау орталығы. 2024 жылдың шілдесінде пайдалануға берілген орталық Қарағандыдағы Qarmet ғимаратында орналасқан.

Орталық тәулік бойы шахталардағы негізгі өндірістік көрсеткіштерді бақылап, ықтимал ауытқуларды жедел анықтауға мүмкіндік береді. Мамандар жерүсті және жерасты нысандарындағы бейнебақылауды, шахталарды желдету жүйесін, арнайы техниканың қозғалысы мен навигациясын қадағалайды.

Көмір департаментіне Костенко, Күзембаев, Саран, Абай, Қазақстан, Ленин, Тентек және Шахтинск шахталары кіреді. Сонымен қатар төрт жерүсті кәсіпорнының жұмысы да осы жүйе арқылы бақыланады.

Көмір департаменті, Qarmet
Qarmet

Орталықта ауысым бойынша 15 маман жұмыс істейді. Оның бесеуі – аға диспетчер, 10-ы – қауіпсіздік диспетчері. Олардың бірі сегіз шахтадағы жалпы жағдайды бақылайды. Екі оператор позициялау және қауіпсіздік жүйелеріне жауап береді.

Шахтадағы әр жұмысшының орналасқан жері көрінеді

Диспетчерлік орталықтағы негізгі жүйелердің бірі – персоналды позициялау жүйесі. Ол шахтадағы жұмысшылардың нақты орналасқан жерін бақылауға мүмкіндік береді.

Qarmet көмір департаментінің бас энергетигі Юрий Барковскийдің айтуынша, жүйе шахтадағы адамдардың қозғалысын ғана емес, олардың жеке қауіпсіздік құралдарын да бақылауға мүмкіндік береді.

Көмір өндірісі, Qarmet
Qarmet

«Бұл жүйе арқылы шахтадағы персоналдың қозғалысын бақылаймыз. Мысалы, Костенко шахтасында қазір 67 адамның жерастында, 48 адамның жерүстінде жүргенін көріп отырмыз. Сонымен қатар әр жұмысшының аты-жөні, табельдік нөмірі, қызметі және оған бекітілген жабдықтар көрсетіледі», – деді Юрий Барковский.

Жүйе жұмысшылардан бөлек, шахтадағы электровоздар мен монорельсті локомотивтердің қозғалысын да көрсетеді. Осылайша диспетчерлер жерасты қазбаларындағы адамдар мен техниканың орналасуын бір уақытта бақылай алады.

Персоналды позициялау жүйесі, яғни кеншінің нақты орнын табу шамамен 10 метрге дейінгі дәлдікпен жұмыс істейді. Qarmet мәліметінше, персоналды позициялау жүйесі шахталарда шамамен бір жарым жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Төтенше жағдайда диспетчерге SOS сигналы түседі

Жүйенің маңызды функцияларының бірі – төтенше жағдай кезінде жұмысшының орналасқан жерін анықтау.

Әр қызметкерге бекітілетін құрылғыда авариялық хабарламалар қабылданады және SOS батырмасы бар. Егер жұмысшы өзін жайсыз сезінсе немесе төтенше жағдайға тап болса, батырманы басып, диспетчерге сигнал жібере алады.

«Жұмысшыға бірдеңе болса, ол SOS батырмасын басады. Сигнал бірден диспетчерге түседі. Диспетчер оның орналасқан жерін көріп, сол нүктеге авариялық-құтқару бригадасын жібереді. Жүйе апат кезінде адамдардың қай жерде екенін анықтап қана қоймай, олардың қауіпсіз шығу бағыттарын бақылауға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Юрий Барковский.

Көмір департаменті, Qarmet
Qarmet

Жүйе қауіпсіздік талаптарын бұзуға байланысты жағдайларды да анықтайды. Мысалы, адамдарды тасымалдауға арналмаған конвейерге жұмысшы шыққан жағдайда, жүйе оны автоматты түрде анықтап, конвейерді тоқтатады. Сонымен қатар диспетчерге тиісті қызметкер туралы деректер беріледі.

Мамандардың сөзінше, көмір концентратын сыртқы нарыққа шығару компания үшін өндірістік бағытпен қатар, экспорттық әлеуетін кеңейтуге жаңа мүмкіндік туғызып отыр.

Qarmet көмір концентратын экспорттай бастады

Өндірісті жаңғырту аясында Qarmet көмір концентратын сыртқы нарыққа да шығара бастады.

Qarmet басқарма төрағасы Петр Трушиннің айтуынша, компания ұзақ уақыттан кейін көмір концентратын сыртқы нарыққа шығара бастаған.

«Көмір концентраты бойынша Qarmet ұзақ уақыттан кейін алғаш рет экспортқа шықты. Биылдың өзінде шамамен 500 мың тонна өнімді тек өзіміздің металлургиялық өндірісімізге ғана емес, Қытай, Үндістан және Ресейдегі тұтынушыларға жеткіздік. Ірі металлургиялық кәсіпорындар көміріміздің сапасы өте жоғары екенін растап отыр. Бұл – болашақтағы әлеуетті бағыттарымыздың бірі, өйткені әлем бойынша маркалы көмір тапшылығы байқалады», – деді Петр Трушин.

Қазір Qarmet көмір департаментіне қарасты сегіз шахтаның барлығы жұмыс істеп тұр. Бұл өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, кеншілерді тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Компания көмір өндірісін одан әрі арттыруды жоспарлап отыр. Qarmet жоспарына сәйкес, 2028 жылға қарай көмір өндіру көлемі 9 млн тоннаға жеткізілуі тиіс.

Қазір оқып жатыр

«Таныс болыңыздар – Барбарис»: Бағдат Мусин Арсен Томскийге ерекше сый жасады

Арсен Томский

Қазақстанда биыл рекордты 825 мың тонна авиациялық отын өндірілмек

авиаотын өндірісі

Каспийдегі қайғылы жағдай: Қорғаныс министрлігі екі матросқа қатысты мәлімдеме жасады

Әскери қызметшілер теңіз суына батып кетті

Сербия президенті Александр Вучич отставкаға кетті

Александр Вучич