28 Мамыр 12:10
...

Көмір мен метал бағасына бағыну. ERG-дің қаржылық жағдайы НЕГЕ алаңдатып отыр?

ERG
Фото: Фото: Nege.kz

ERG өзінің «Сбербанк» пен «ВТБ» алдындағы қарыздарын қайта құрылымдады. Олигарх Александр Машкевич тізгінін ұстаған корпорация 2024 жылы төлеп бітуі тиіс қарыздарын 2030 жылға дейін шегеріп отыр. Бірақ осы уақыт аралығында әлемдік биржаларда метал мен көмір бағасы құлдырайтын болса, онда ERG қарызын қалай қайтармақ?

Бұл мәселе ERG құрамына кіретін «Шұбаркөл көмір» акционерлік қоғамының 2023 жылғы аудиттелген қаржылық есебінде көрсетілген. Онда ERG Басқарушылар кеңесінің қаржылық өтімділікті қадағалап отырғаны туралы жазылады. Және корпорацияның шикізат бағасы мен валюталық құбылуларға тәуелдігі айқын көрсетілген.

ERG
Фото: Nege.kz

Өзінің антикризистік бағдарламасы аясында ERG жаппай үнемдеуге көшетін болады. Корпорацияның күрделі шығындарын 400 миллион долларға дейін қысқарту көзделген. Егер одан жағдай түзелмесе, шамамен 680 миллион долларға дейін қосымша қаржы, яғни қарызға ақша тарту да жоспарланып отыр.

Бұл Қазақстан Үкіметі 40 пайыз акциясын ұстап отырған ERG тәуекелдерінің артып бара жатқанын байқатады. Түптің түбінде қаржылық қиындықтарға байланысты оның капитализациясы төмендеп кетсе, онда мемлекеттік актив портфельдері де зиян шекпек.

«Стати ісіне» байланысты Қазақстанның біраз жылдан бері ERG-ден бір тиын дивиденд алмай отырғанын ескерсек, біз үшін көңіл көншітерлік жаңалық аз. Дәл осы жерде, ең ірі акционер ретінде Қазақстан Үкіметі сеніп отырған ERG-дегі қазіргі менеджмент өз міндетін қаншалықты тиімді атқарып отыр деген сұрақтар да пайда бола бастады.

Енді ERG құрамына кіретін «Шұбаркөл көмір» АҚ мәселесіне келетін болсақ. 2023 жылы компанияның выручкасы 128 миллиард теңгеден асты. Ал таза кірісі 26,4 миллиард теңгені көрсетті. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштерден біршама артық. Бірақ бір жылда компанияның міндеттемелері, бір сөзбен айтқанда қарыздары 52 миллиард теңгеге көбейіп отыр. 2023 жылдың аяғында «Шұбаркөл көмір» алған несиелер бойынша жалпы қарыз сомасы 139 миллиард теңгеге жеткен.

ERG
Фото: "Шұбаркөл көмір" АҚ 2023 жылғы аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: PWC

ERG құрамына кіретін компаниялардың қарыздары азаю орнына жылдан-жылға көбейе беруі жақсы нышан емес. Топ менеджменттің қордаланған проблемаларды шешу орнына кейінге шегеріп, уақыт созып жүргені анық көрінеді. Оның түпкі мақсаты неде?

ERG өзінің аудиттелген қаржылық есебін ашық жарияламайды. Сондықтан оның 2023 жылғы шоғырланған есебі дайын ба, ол жағы сарапшыларға беймәлім. Біз оның тұрақты даму бойынша есебінен ғана қаржылық жағдайын там-тұмдап біліп отырамыз. Біздің есебімізше, қазір ERG қарызы шамамен 7,5 миллиард долларға жеткен. Ал табысы жыл санап азйып барады.