USD
USD
USD

«Компаниялар БАНКРОТ болады, инвесторлар ҚАШАДЫ, жұмыссыздық КӨБЕЙЕДІ...» Экономист Мақсат ХАЛЫҚ санкцияның салдары туралы айтты

Таяуда Батыс елдері Қазақстанға санкция салуы бек мүмкін.

«Компаниялар БАНКРОТ болады, инвесторлар ҚАШАДЫ, жұмыссыздық КӨБЕЙЕДІ...» Экономист Мақсат ХАЛЫҚ санкцияның салдары туралы айтты
Фото: NEGE.kz

«Ресейге көмектесіп жатырсыңдар, доғарыңдар» деп әлденеше мәрте ескерту де жасады. Бірақ пайда көздеген алыпсатар компанияларға бұл тоқтам бола алмады ма, әлде, билік қадағалауда олқылық жіберді ме, әйтеуір санкциядан қашып құтыла алмайтын түріміз бар.

Бұл санкциялар ел экономикасына қалай ықпал етеді? Тұрмыстық техника сататын дүкендердің сөресі қаңырап қалмай ма? Инвестициялық климатқа қалай әсер етпек? Бұл жөнінде NEGE-ге экономист Мақсат ХАЛЫҚ талдап, таразылап берді.

– Санкция қылышы мойнымызға тақалғандай. Бұған себеп болған басты нәрсе не?

– Қазақстанға екінші деңгейлі санкциялар салу туралы жиі айтылып жатыр. Және бұл бекер емес. Себебі, өткен жылы екіжақты сауда қарым-қатынасын қарасақ, біздің Ресейге жіберген импортымыз еселеп ұлғайған. Негізгі тауар техника болыпты. Атап айтқанда, телефондардың, компьютерлік технологиялардың, компьютерлердің саны екі есе ұлғайғанын көреміз. Тұрмыстық техникаларды да алып-сатқан.

Бұл мәселелерге байланысты АҚШ-тың лауазымды тұлғалары келіп кетті. Олар санкция салу ниеті бар екенін айтты.

Басты себеп – микрочиптер Ресейге Қазақстан арқылы жетіп жатыр екен. Бұл чиптер дрондарға, зымырандарға және басқа да әскери техникаларға салынады. Бұған тоқтау салынбаса, Қазақстанның санкция астында қалатынын ашық ескертті.

Э.Блинкен Қ.Тоқаевпен. Фото: ғаламтордан

– Санкция қаржы саласына да қатысты ма?

– Менің ойымша, бұл жерде банк секторы көп зардап шекпеуі тиіс. SWIFT желісін тоқтатты. Былтыр банктер рубльден пайда табуға әрекет жасаған еді. Қаржылық айналымға көңіл бөліп, қарпып қалуға дәмеленген. Бірақ былтыр қаржыгерлер форумында Ұлттық Банктің төрайымы Үміт ШАЯХМЕТОВА осыған деген өз ойын жеткізді.

«Бізге Вашингтоннан қоңырау шалды» деп ашық айтты. Сондықтан банк саласында нақты шектеулер бар.

Меніңше, Ресейге сатылған тұрмыстық заттар Батыс үшін аса маңызды емес. Бірақ компьютерлік технологиялар, микрочиптер және қару-жарақтың бөлшектері басты назарда. Гәп – осында.

– Сіздіңше, санкциялар жеке компанияларға салына ма, әлде тұтас елге ме?

– Тыйым салынған заттардың тізімі жасалынды. Алдын ала ескертілді. Бұған қарамастан, осы тауарларды жеткізіп жатыр. Сондықтан жеке компаниялар ілігетін тәрізді.

– Демек, әскери техникаларда қолданылуы мүмкін тауарларды, компьютерлер мен чиптерді бізге де сатпайтын бола ма? 

– Бізге сата береді. Бірақ алып-сатумен айланысқан компаниялар санкцияға ұшырайды. Мұны реэкспорт деп атайды. Бұл компаниялардың қызметіне шектеу қойылып, көп ұзамай банкротқа ұшырауы әбден мүмкін. Сондықтан сақ болуы керек деп ойлаймын.

Фото: ғаламтордан

– Ресеймен байланысы жоқ басқа компаниялар техниканы шетелден әкеліп сата ала ма? Ертең тұрмыстық техникалар тапшылығына ұшырап жүрмейміз бе?

– Олай болмауы керек. Бізде Қытаймен және басқа да мемлекеттермен еркін сауда қатынасы бар. Ешқандай шектеу жоқ. Десе де, кейбір логистикалық желілердің үзілуі ғажап емес. Бұрынғы компания қыспақта қалып, сол тауарларды әкелетін жаңа компания шыққанша, біраз қиындық тууы ықтимал.

– Осы санкция біздің экономикамызға қалай әсер етуі мүмкін? Репутациялық әсері басым бола ма?

– Бірінші кезекте репутациялық зиян тиеді. «Қазақстан агрессор елді қолдап жатыр» деген сөздің өзі жақсы нәрсе емес. Қазақстан Ресейді ашық қолдамаса да, компаниялары осындай қадамға барса, бұл мемлекеттің астыртын қолдап жатқанын көрсетеді. Елдің абырой, беделіне нұқсан келтіреді. Сондықтан санкциялық тауарларды мұқият қадағалау қажет. Ресейге сататын басқа да дүниелеріміз аз емес.

Қазір Ресей санкция салдарынан көп тауарға қол жеткізе алмай отыр. Халқы өмір сүру сапасын түсіргісі келмейді. Қажетті тауарларын сатып алғысы келеді. Сондықтан қазір ресейліктердің күні Қазақстанға түсіп тұр.

Сондықтан біздің кәсіпкерлер де тәуекелге бармай, тыйым салынған заттарды байқатпай сатып жіберемін деп, тек пайданы ойламай, контрабандамен айналысудан тартынғаны абзал. Өйткені, оның салдары бар. Ертең сұрауы бар. 

Фото: ғаламтордан

– Салдары қандай болмақ? Сол жөнінде нақты айтып бере аласыз ба?

– Компаниялар банкрот болады. Жұмысшылары нәпақасынан айырылады. Елде жұмыссыздық көбейеді.

Елдің абыройына түскен дақ инвестициялық климатқа да әсер етеді. Елге инвесторлардың келуі тежеледі. «Агрессордың көмекшісі» деп көп инвесторлар бас тартуы да мүмкін.

Шектеулердің өзі экономикаға зиян. Санкциялар елдің инвестициялық рейтингіне де әсер етеді. Қазірдің өзінде ең төменгі шегінде тұрмыз.

Халықаралық рейтинг агенттіктерінің болжамы бойынша, өңірдегі ең жоғары орында тұрған Қазақстан болғанымен, рейтингіміз минус негативті сценарийге дейін түскен. Одан төмендесе, инвестициялық рейтингтен шығып кетеміз.

Бұл – едеуір қиыншылық тудырады. Инвестиция тоқтап қалмайды. Бірақ қарыз алсақ, пайызы жоғары болады. Бұған дейінгі мүмкіндіктерден айырыламыз. Қаржы институттары бұрын бізге оп-оңай қарыз беретін еді. Инвестициялық рейтинг түскен соң, олар енді он мәрте ойланатын болады. Берсе де, пайызын аспандатады. Бұл жақсы нәрсе емес.

Қазір оқып жатыр

Ермұрат Бәпи: «Мені сатқын деуге ешкімнің хақысы жоқ»

Decaf

«Таза Қазақстан»: «Әділет» партиясы жастардың азаматтық белсенділігін арттыруда

«Әділет» партиясының баспасөз қызметі

Астанада автосалон менеджері 53 млн теңгенің сегіз көлігін заңсыз сатып, қаржыны өз қалтасына басқан

Менеджер

Пәкістанда мектептің төбесі опырылып, 32 оқушы мен бір мұғалім қаза тапты

Оқиға орны