USD
USD
USD

«Коммуналка мемлекет мойнында емес»: депутат қызметтік пәтерінің шығынын айтты

Құрылтай депутаты Наурыз Сайлаубай депутаттарға берілетін қызметтік пәтерлердің коммуналдық төлемін депутаттардың өздері төлейтінін айтты. 

коммуналка
Фото: pixabay.com

Астана, NEGE. Журналистер депутаттан ауқатты әріптестерінің қызметтік тұрғын үй мен көлік сияқты жеңілдіктерден бас тарту мүмкіндігі туралы пікірін сұрады. Сайлаубайдың айтуынша, өңірлерден сайланған депутаттарға Астанада баспанасы болмаған жағдайда қызметтік пәтер беріледі. Бұл олардың жұмыс орнына жақын тұрып, міндеттерін тиімді атқаруы үшін жасалған.

«Менің Астана қаласында тұрғын үйім жоқ. Сондықтан мемлекет тарапынан берілген үйде тұрып жатырмын. Коммуналдық қызметтердің барлығын өзіміз төлейміз, ол мемлекеттің мойнында емес. Біз тек ол жерде тұрамыз», – деді депутат.

Оның айтуынша, үш бөлмелі пәтердің қыс мезгіліндегі коммуналдық қызмет ақысы интернет пен паркингті қоса алғанда 45-60 мың теңгеге жетуі мүмкін.

Депутат бұған дейін Мәжілістің сегізінші шақырылымында да қызметтік пәтерде тұрғанын айтты. Өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін тұрғын үйді мемлекетке қайтарған. Пәтердегі жиһаз бен тұрмыстық техниканы да түгел өткізіп бергенін жеткізді.

«Мен Конституцияға байланысты барлық өкілеттігім біткен соң, ол үйді қайтарып бердім. Телевизор болсын, шкаф болсын, төсек болсын – барлығын сол жердегі азаматтарға тапсырып кетемін. Егер қандай да бір затты бүлдірсем, орнына қоюым керек болады. Өйткені ол – үкіметтің заты», – деді ол.

Сондай-ақ тілшілер депутаттан әлеуметтік төлемдер мен өзге де жеңілдіктерден бас тарту мүмкіндігін сұрады. Сайлаубай басқа депутаттардың атынан жауап бере алмайтынын айтып, өзі әлеуметтік төлем алмайтынын мәлімдеді.

Еске салайық, 2027 жылдан бастап азаматтарға әлеуметтік көмек отбасының мәртебесіне емес, нақты мұқтаждығына қарай беріледі. Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің сөзінше, өзін-өзі қамтамасыз ете алатын адамдар мемлекеттен көмек алмауы тиіс.

Үкімет бұл өзгеріс арқылы үш жылда 2,5 трлн теңгеге жуық қаражат үнемдеуді көздеп отыр.

Қазір оқып жатыр

Қазақстандық велоспортшылар V Азия Пара ойындарында ел қоржынына қос алтын салды

Пара велоспортшылар

Павлодарға бет алған FlyArystan ұшағы Алматыға кері қайтты: рейстің тоқтау себебі белгілі болды

әуе рейсі

Астанада кейбір тұрғын үйлерде жылу мен ыстық су уақытша өшіріледі

Астана

Тоқаев жаңа Жолдауын әзірлеп жатыр

Қасым-Жомарт Тоқаев