28 Қаңтар 13:02
...

Коммуналдық шаруашылықты кәсіби мамандар емес, заңгерлер мен гуманитарлық сала өкілдері басқарып отыр – Тоқаев

Ақорда
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. 

Астана, NEGE. Мемлекет басшысы инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру керек екенін айтты. 

«Үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың күш-жігерімен біз энергетикалық және коммуналдық саладағы ауыр дағдарысты еңсердік. Енді Үкімет мұндай жағдайға жол бермеуге тиіс. Жылу стансаларындағы апаттар елімізге абырой әпермейді, беделіне нұқсан келтіреді және бұл мемлекеттік қызметшілердің жауапсыздығы мен біліксіздігін көрсетеді. Аймақтарда коммуналдық шаруашылықтағы басшылық орындарда кәсіби мамандар емес, заңгерлер мен басқа да гуманитарлық сала өкілдері отыр.

Энергетикалық және коммуналдық нысандардың жұмысын жаңа стандарттарға жедел түрде көшіру керек. Үкімет жаңа тариф саясатын жүзеге асыруды жалғастыруға тиіс. Тарифтер нарық талаптарына сай болмаса, электр энергиясымен, жылумен және сумен үздіксіз қамтамасыз ету мүмкін емес. ТМД елдерінің бәрінде дерлік электр энергиясының, газдың және мұнай өнімдерінің бағасы Қазақстанға қарағанда қымбат. Бұл экономика балансының бұзылып, шатқаяқтауына әкеп соғады.

Ақиқаты осы, оның несін жасырамыз?! Көршілес елдерге контрабандалық жолмен жанар-жағармай тасылатынын жұрттың бәрі көріп отыр. Өз кезегінде бұл қылмыстың етек алуына негіз болады», - деді Тоқаев.