Комик Нұрлан Сабуров Назарбаевтан НЕГЕ қорқады?
Қазақстанда туып, Ресейде жетістікке жеткен өнер адамдары аз емес. Солардың бірі – комик Нұрлан Сабуров. Нұрланды Қазақстаннан гөрі Ресейде жақсы таниды десек, қателеспейміз. Алла Пугачеваның күйеуі Максим Галкин Ютуб желісіндегі «А поговорить?» хабарына көлемді сұхбат беріп, сөз арасында Нұрлан Сабуровтың Нұрсұлтан Назарбаевтан неге қорқатынына таңқалатынын айтты.
Алматы, NEGE. Журналистің саясатқа, Путинге қатысты: «Сен кез келген режимде жұмыс істей бересің бе?» деген сұрағына Галкин былай деп жауап берді:
«Мен ешқандай да режимде жұмыс істемеймін. Менде ондай сезім жоқ. Концерттерімде қазіргі режим туралы әзіл айта беремін. Шындықты айта отырып, халықтың көңілін көтеруге міндеттімін. Ащы шындықтан өткен күлкілі нәрсе жоқ... Владимир Владимировичтің алдында немесе Кремльде өнер көрсеткенімде менен ешкім алдын ала мәтін сұратқан емес. Соңғы рет «Славян базарында» Александр Лукашенко маған шектеу қоюға тырысты. Бірақ мен бәрібір ойымдағыны айттым. Бұл – хирургке қандауыр емес шанышқы беріп, «ал, енді ота жаса» дегенмен бірдей. Егер менің алдымда президент отырса, мен ол туралы әзіл айтпай тұра алмаймын. Президенттің алдында тірсегі дірілдейтіндерді түсінбеймін. Мәселен, Нұрлан Сабуров деген пародист бар. Ол: «Мен әлі де Назарбаевқа пародия жасаудан қорқамын» дейді. Камон! Нені күтіп жүрсің?! Ақылға сыймайды. Назарбаевтың алдында көп өнер көрсеттім. Қазақша сөйледім, Назарбаевқа әзіл айттым. Егер сен әзіл айта алмасаң, пародиямен айналысып нең бар?!».
Шынымен де танымал пародист Сабуровтың Назарбаев туралы әзіл айтқанын естіген емеспіз. Бәлкім, Нұрлан Сабуров ресейлік әріптесі Максим Галкиннің өткір сынынан кейін Назарбаевты әзілмен қағыта бастайтын шығар...