Колумбияда әскери ұшақ апатқа ұшырап, 66 адам қаза тапты – БАҚ
Әлемдік БАҚ Колумбияда C-130 Hercules әскери ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан 66 адам қаза тапқанын жазып жатыр.
Алматы, NEGE. Алдын ала нұсқалардың біріне сәйкес, апатқа маневр жасау кезіндегі қиындықтар себеп болуы мүмкін. Ал құрбандар санының көп болуына бортта болған оқ-дәрілердің жарылуы әсер еткен.
Әуе апаты Колумбияның оңтүстігінде болды. Апат кезінде ұшақ бортында 125 әскери қызметкер болған. Ұшақ сарбаздарды ротациялау мақсатында тасымалдап жатқан.
Алдын ала мәлімет бойынша, ұшақ ұшып шыққаннан кейін қажетті биіктікке тиісті деңгейде көтеріле алмаған. Соңғы деректерге сәйкес, 66 адам қаза тапты.
Оқиғаның ауырлығына қарамастан, тірі қалғандар бар. Апат болған аймақтың тұрғындары, әсіресе шаруалар, алғашқы құтқару жұмыстарына қолдау көрсетіп, жараланғандарды эвакуациялауға және оларды медициналық мекемелерге жеткізуге көмектескен.
Қаза тапқандардың арасында Колумбияның әскери-әуе күштерінің алты қызметкері, ұлттық армияның 58 әскери қызметкері және екі полиция қызметкері бар.
Ұшақ апатыан 57 адамның жарақат алғаны хабарланып отыр. Олар әртүрлі медициналық мекемелерге, негізінен Богота мен Флоренсия қалаларына жеткізілген. Қазіргі уақытта оларға мамандандырылған медициналық көмек көрсетілуде.