Көлсайға соңғы үш күнде 4500 турист келді
Алматы облысындағы «Көлсай көлдері» ұлттық мемлекеттік табиғи паркіне үш күнде 4500 турист келді.
Алматы, NEGE. Көрікті мекенге саяхатшылар легі әсіресе, Наурыз мейрамындағы демалыс күндері көп ағылған. «Бұған киелі Түркістаннан Көлсайға дейін автобус қатынай бастауы да оң әсер етті», – дейді мамандар. Қазір ұлттық табиғи парктің инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары қызу жүріп жатыр.
«Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркіне тас жол төселгелі бері мұнда келушілер қатары екі есеге дейін көбейген. Мәселен, 2018 жылы Көлсайға 41 мың турист келсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 87 мыңға жетті. Биыл «Көлсай көлдеріне» 130 мыңнан астам турист келеді деп жоспарланып отыр. Пандемияға дейін Көлсай көлдеріне келушілердің 30-35%-і шетелдіктер еді. Күллі әлемге тараған індет бұл үдеріске түзету енгізбей қоймады. Қазір ұлттық табиғи парк аумағында бірде-бір шетелдік жоқ. Керісінше, еліміздің түкпір-түкпірінен келетін саяхатшылар легі айтарлықтай арта түсті. Көрікті мекен Көлсайды Наурыз мерекесіндегі 5 күн демалыстың 3 күнінде 4500 турист тамашалаған. Отандық туроператорлардың «Түркістан – Көлсай» бағытымен қатынайтын жаңа автобус шығарғанын да айта кетейік.
Көлсайға 2021 жылдың алғашқы тоқсанында 13 мыңнан астам турист келіп кетті. Олар негізінен Көлсай көлі мен Қайыңдыны аралауға әуес. Ал мемлекеттік ұлттық табиғи саябақ аумағында бұдан бөлек 5 маршрут бар. «Көлсай көлдері» МҰТП директоры Данияр Тұрғанбаев: «Төменгі, ортаңғы Көлсай, 99% туристер сол маршруттарға келіп отыр. Қазіргі уақытта басқа маршруттарды да абаттандырып, жарнама жасап, туристердің ағымын сол маршруттарға бұрып, кішкене жүктемені азайтсақ және осы маршруттардың арасында қосатын жаңа туристік маршруттар ашсақ деп жоспарлап отырмыз», – деді.
Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен Кеген ауданында экологиялық туризмнің тау кластері саласын дамытуға арналған он шақты жоба жүзеге аса бастады. Соның бірі – Қайыңды көлінің жағалауын нығайту жобасы.
Саты ауылынан Күрметі ауылына дейінгі 12 шақырымдық жол жасау жұмыстарына 14 миллионның төңірегінде ақша бөлінді. Одан бөлек, Саты ауылынан Күрметі ауылына дейінгі 7 шақырымға 938 миллион теңге күрделі жөндеуге ақша бөлініп отыр. Енді одан бөлек, Қайыңды көліне Саты ауылынан ары қарай ЛЭП жүргізуге, жаңағы электр желілерін жүргізуге оған ақша бөлінді қазір. Санитарлық талаптар мен қауіпсіздікті сақтау шаралары да назардан тыс қалмайды. Саты ауылының іргесінен 8 гектар жер бөлініп, тұрмыстық қатты қалдықтарды жоюға арналған полигонның құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен әзірге 15 млн теңге қаралған.