«Бәле-жаладан аулақ болайын деп кетіп қалдым» – Шерзаттың ісіне қатысты куәгерлерден жауап алынып жатыр

Алматы, NEGE. Бүгінгі сот отырысында бірнеше куәгерден жауап алынды және марқұм Нұрғанат Ғайыпбаевтың тергеу кезінде берген жауабының хаттамасы оқылды.
Түстен кейінгі сот отырысында Абзал Шынасылды «Қамажай» дүкеніне әкеліп тастаған куәгер Талғат Әшірбаевтан жауап алынды. Ол судьяның сұрақтарына жауап бере отырып, Абзал, Нұрқияс, Равильмен таныс болғанын айтты. Сондай-ақ Абзалмен бір колледжде оқыған.
«Эйфория» мейрамханасында қараша айында мерейтой өткізбек болғам. Сол себепті мейрамхананы жалдауға байланысты сөйлесуге кассаға бардым.
Үстелде Абзал, Равиль, жалпы 7-8 адам отырды. Ішінде 2 қыз бар. Абзалды жақсы танимын, қалғандарын сырттай білемін, Сол себепті олармен амандастым. Мен шығып кеттім, олар да менімен ілесіп шықты. Абзал көлікке сыймай қалды, басқалары Шыңғыстың «Мерс» автокөлігіне мінді. Абзал: «Бос болсаң, Автобазадағы «Жастар стадионына» апарып тасташы», – деді. Ол «балалар ерегісіп қалыпты» деді, бірақ кімдер екенін айтқан жоқ. Қасымда Әділбек деген досым да болды. Абзал қара «мерстің» артынан ер» деп айтты. Сосын «Мерс» тұрған жерге қалдырып кетсең болады» деді. Көлік «Қамажай» дүкенінің алдында тұр екен. Абзал дүкен жаққа қарай жүгіріп кетті.
Айқай-шу болып жатты. Жолдан өтем дегенше, дүкен алдына сұр «Равон» не «Нексиа» көлігі тоқтады. Сол көліктен мылтық алып шыққанын көріп, кетіп қалдық. Себебі жақында үйленетін едім, тиіп кетеді деп ойладым.
.... Оқиға не болды екен деп, 10-15 минуттан кейін екінші рет айналып келдім. Екі адам жерде жатты. Екеуінің арасы 4-5 қадам. Көше қараңғылау болды. Адамдардың үстіне қарамадым. Тек анасының жылаған даусын, «скорая» дегенін естідім. Полиция шақыруға қорықтым. Сол жердегілер шақыратын шығар деп ойладым. Бәле-жаладан аулақ болайын деп кетіп қалдым. Кейін тоқтағанымда тірі қалар ма деп ойладым», – деді куәгер.