Көлік министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апатына қатысты алып-қашпа әңгімелерге пікір білдірді
ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі Ақтау маңындағы ұшақ апаты туралы әлеуметтік желіде тараған алып-қашпа әңгімелерге қатысты пікір білдірді.
Алматы, NEGE. ҚР Көлік министрлігіне қарасты авиациялық оқиғаның себебін анықтау жөніндегі арнайы Комиссиясының жұмысы жүріп жатыр.
«Алдын ала есеп жарияланғанға дейін Комиссия ресми дереккөзі жоқ ғаламторда жарияланған ақпаратқа түсініктеме бермейді. Естеріңізге сала кетейік, Комиссия ҚР заңнамасының талаптарына және ИКАО-ның 13-қосымшасының талаптарына сәйкес алдын ала есеп жариялайды», – делінген хабарламада.
Ведомстваның хабарлауынша, онда тергеу барысы және тергеу нәтижесінде анықталған нақты ақпарат болады.
15 қаңтарда Бразилия Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақтың «қара жәшіктерінен» алынған деректерді Қазақстанға жіберді.
Еске сала кетейік, 25 желтоқсан күні Ақтау маңында Azerbaijan Airlines әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Ұшақ бортында 67 адам, соның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. Оқиға салдарынан 38 жолаушы қаза тапты, олардың арасында 6 Қазақстан азаматы бар.