Көлгінов отставкаға өтініш жаза ма?
Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа аудандық соты Нұрлан Сыдықовты 5 жылға соттады. Бұрынғы шенеунік жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеде өтейтін болды.
Нұрлан Сыдықов кім еді? Ол – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мәдениет басқармасының бұрынғы бастығы. «Жасыл Ел» жастар ұйымында, «Жас Отанда» белсенді болған Н.Сыдықов аз уақыт ішінде Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінде тәуір қызметтер істеді. Оның түбіне жеткен – пара.
Н.Сыздықов
2019 жылы астанаға қызмет ауыстырған Сыдықов Наурыз мерекесін өткізу үшін 195 млн теңге тендер ұтып алған компанияны бопсалаймын деп істі болды. Осы қаражаттан үлесін талап еткен шенеуніктің кабинетіне өткен жылы мамырдың соңында әлдебір келіншек 10 млн теңге әкеліп береді. Н.Сыздықов 10 млн теңгені үйіне әкелген сәтте Антикор қызметкерлері басып қалған.
Сыздықов қайта оңай құтылды. Мұндай қылмыспен 7-ден 12 жылға дейін сотталып, жарты млрд теңгеден астам айыппұл төлейтін еді. Қолына кісен салынған сәтте өзіне де ес кірген болса керек, тергеумен бірден келісімге келіп, кінәсін толық мойындаған.
Жақын күндері үкім күшіне енеді. Үкім күшіне енген соң, заңға сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Мемлекет басшысының атына отставкаға кету жөнінде өтініш жазуы керек. Әкімнің өтінішін қабылдау-қабылдамауды Президент шешеді. Ал Алтай Көлгінов әлгіндей арыз жаза ма? Басты сұрақ – осы.