7 Қаңтар 09:17

Көлгінов құрдасын қолайсыз жағдайға қалдырды

Фото:

«Нұр-Сұлтан Газ» компаниясының басшысы Александр Райк кеше астаналықтарға арнап мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің табиғи газға қосылған үйлердің санына қатысты таратқан мәліметі жалған.

«Құрметті астаналықтар, кеше Экология министрлігі қалада үш жүзден аса үй табиғи газға қосылғанын мәлімдеді. Мен, «Нұр-Сұлтан Газ» компаниясының директоры ретінде мұның жалған екенін мәлімдеймін. Шын мәнінде табиғи газға қосылған үйлердің саны отыздан аспайды».

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы Самал Ыбраева жауап ретінде әлеуметтік желіде бүй деп жазды: «Табиғи газға қосылған үйлердің саны жөніндегі деректі жергілікті атқарушы орган – Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі. Үйлерді табиғи газға қосуға байланысты өтініштер әкімдікте қаралады.

Осыған байланысты мынаны мәлімдейміз: табиғи газға қосылған үйлердің санына байланысты деректі қалалық әкімдік берген».

Кім кімді алдады? Министрліктің баспасөз хатшысының сөзі рас болса, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі НЕГЕ жалған ақпарат таратып, жұртты шатыстырды? Қараптан-қарап отырып, Алтай Көлгінов құрдасы Мағзұм Мырзағалиевті қолайсыз жағдайға қалдырды. Көрсеткішті он есе өсіріп айтқаннан не ұтады? Әлде бұл әдет пе?

Nege.kz тілшісі Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің баспасөз қызметіне хабарласып, мәселенің мән-жайын сұрамақ болған. Алайда Алтай Сейдірұлының қарамағындағы қызметкерлері біздің тілшінің «қолайсыз» сұрақтарына жауап беруді қош көрмейді. Сондықтан Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің атына ресми сауал жолдадық. 

Тегтер: