22 Қазан 08:56
...

Көлемі 800 шаршы метр  болатын Қазақстан байрағы 3000 метр биіктіктен желбірейді

Фото:
22

қазанда Қазақстан Республикасы күніне арналған «Ашық аспан» жалпыұлттық акция өтеді, деп хабарлайды NEGE.kz.

Алматы, NEGE. «Ту – ел азаматтарын ұйытатын бірден-бір символ. Қиын-қыстау кезеңде қоғам байрағы мен көшбасшысының маңына топтасады. Жалпы ұлттық акция еліміздің барлық өңірлерінде өтеді. Қоғамның қолдауы мен бірлігі ұлт тарихының жауапты кезеңінде айқын көрініп отыр»,  дейді акцияны ұйымдастырушылар.  

Олардың айтынша, «Ашық аспан» жалпыұлттық акция дәл бүгін өтуі кездейсоқ жағдай емес. Ең қиын және ауыр күндері Азаматтық қоғамның конструктивті күштері байрақтың, көшбасшысының және халық мақұлдайтын әлеуметтік-саяси бағыттың төңірегіне топтасады.

«Ғаламдық геосаяси ахуал ушығып тұр. Қайталама санкция есіктен сығалайды. Әлемдік экономика дағдара бастады. Мұндай кезеңде саяси көзқарастарына және амбицияларына қарамастан азаматтық қоғамның барлық институттарының жұдырық болып жұмылғаны абзал», дейді бастамашыл топ.   

Акцияның ауыз толтырып айтар тұсы да бар. Айталық, кәсіби парашютист – парашюттан секіруден әлем рекордсмені Қазақстанның ең үлкен байрағымен секірмек. Секіретін биіктік – 3000 метр. Бұл Шымбұлақ тау-шаңғы курорты орналасқан деңгейден едеуір жоғары. Тудың көлемі – 800 шаршы метр. Елордағы басты тұғырда тұрған тудан да үлкен. Оның көлемі 450 шаршы метр ғана. Байрақ осы айтулы оқиғаға арнайы тігілген. Оның нәтижесі Рекордтар кітабына кіреді. Іс-шара Алматы қаласы Талғар ауданы Еркін ауылында орналасқан «Байсерке» аэродромында өтпек.

Бастамашыл топ мүшелерінің пікірінше, бұл акцияның мақсаты – барлық қазақстандықтардың отаншылдық рухын көтеру. «Ашық Аспан» қазақстандықтарды бірлікке, бейбітшілікке шақырады. Бұл бастама төменнен бастау алып, қолдауға ие болып отыр. Ой тастаған қарапайым азаматтар мен әлеуметтік желідегі қолданушылар көрінеді.

 «Тікұшақпен болсын, былай болсын, туды көтеріп жүргеннен елдің рухы көтеріліп кетпейді. Көрген сәтте бір ғана сезім болады: «О, күшті екен!» дейді. Ту түскеннен кейін ұмытылады. Сондықтан туды, елді сүю үшін бала кезден тәрбие керек. Бұл – үлкен үдеріс. Мультфильмдерден бастаған жөн. Менің ойымша, ту адамның жүрегінде болуы тиіс. Бұған жүйелі жұмыс керек. Науқаншылдық емес. Тіпті, бізде туды үйіне ілген адамдарға айыппұл да салған. Ту әрқайсымыздың төрімізде тұруы қажет», – дейді қоғам белсендісі Жәнібек Қожық.

Тегтер: