«Қызыл кітаптағы өсімдіктерге зиян тимейді»: Көкжайлаудағы SuperSki жобасы туралы не белгілі?
Көкжайлауда салынатын Almaty SuperSki тау курортында жеке коттедждер болмайды, аумақ халық үшін ашық қалады. «Байтақ» жасылдар партиясы жобаны қолдап, экологиялық талаптардың сақталуын қоғамдық бақылауға алмақ.
Астана, NEGE. Жобаны талқылау барысында экология мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұған дейін Көкжайлаудағы құрылысқа байланысты Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді сақтау, су ресурстары мен мұздықтардың жағдайы, археологиялық нысандар және жобаның табиғатқа ықпалы жөнінде бірқатар мәселе көтерілген.
Kazakh Tourism Development өкілдерінің айтуынша, жоба аясында бірнеше ғылыми ұйым зерттеу жүргізген. Олардың қатарында Зоология институты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Топырақтану және агрохимия институты, «Қазгидрогеология» бар. Зерттеулер биоалуантүрлілікті, өсімдік жамылғысын, табиғи қауіптерді, су ресурстарын және басқа да экологиялық факторларды қамтыған.
Көкжайлау аумағында өсімдіктің 2341 түрі кездеседі, оның 34-і сирек түрлерге жатады. Kazakh Tourism Development басшысы Ержан Еркінбаевтың айтуынша, жобаны әзірлеу кезінде Қызыл кітапқа енген өсімдіктердің нақты орналасқан жерлері да ескерілген.
«Көкжайлаудағы 15 Сиверс алмасының нақты орналасқан жерін білеміз. Оның 13-і құрылыс аумағына жақын, екеуі алысырақ орналасқан, бірақ олардың ешқайсысы құрылыс аумағына кірмейді. Оларды кесудің немесе басқа жерге көшірудің қажеті жоқ. Островский қызғалдағы, Альберт құртқашашысы, рауғаш және басқа да Қызыл кітапқа енген өсімдіктер де құрылыс жүргізілмейтін беткейлерде орналасқан», – деді ол.
NEGEAlmaty SuperSki жобасы аясында кесілген әр ағаштың орнына 10 түп көшет отырғызу көзделген. Осыған байланысты «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев партия ағаш отырғызу жұмыстарына, экологиялық талаптардың сақталуына және жобаның қоршаған ортаға әсеріне қоғамдық бақылау жүргізуге дайын екенін айтты.
«Біз, Жасылдар партиясы ретінде, қоғамдық бақылау жүргіземіз. Сол 10 ағаштың қай жерге отырғызылғанын, кейін қалай өсіп жатқанын да бақылауда ұстаймыз», – деді партия төрағасы.
Әміртаевтың пікірінше, жобаға қатысты қоғамда күмән немесе наразылық туындаса, тұрғындардың пікірін ескеріп, түсіндіру жұмысын күшейту қажет. Оның айтуынша, кей мәселелер қоғамда алаңдаушылық туғызуы мүмкін, өйткені жұрт жобаның барлық жай-жапсарын біле бермейді.
Сондай-ақ ол Қазақстанның туризмді дамыту арқылы экономикаға қосымша кіріс әкеле алатынын айтты. Мысал ретінде Моңғолияны келтірді. Бұл елде 2025 жылы туризмнің ЖІӨ-дегі үлесі 7,8% болған. Қазақстанда сол жылы бұл көрсеткіш 3,1%-ды құрады.
Almaty SuperSki туралы не белгілі?
Almaty SuperSki – Алматыдағы тау туризмін дамытуға бағытталған ірі жобалардың бірі. Жоба аясында бірнеше тау аймағын байланыстыратын аспалы жолдар салынып, жалпы ұзындығы шамамен 60 шақырым болатын шаңғы трассаларын ашу жоспарланған. Сондай-ақ 17 көтергіш орнатылмақ. Жоба бойынша курорт тәулігіне 10 мыңға дейін адам қабылдай алады.
NEGE
Kazakh Tourism Development басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев жобаның негізгі мақсаты тауды көпшілікке қолжетімді ету екенін айтты.
«Алматы тауларының артықшылығы – оның табиғи сұлулығында ғана емес, дамыған мегаполиске жақын орналасуында. Қазір тауға негізінен физикалық тұрғыдан дайын адамдар ғана көтеріле алады. Ал жаңа курорт мүмкіндігі шектеулі жандарға, балалы аналарға және егде жастағы адамдарға тауға барып, таза ауада демалуға мүмкіндік береді. Жобаның негізгі философиясы да осы – Алматы тауларын қазақстандықтар үшін қолжетімді ету», – деді ол.
Аспалы жол кабиналары баспалдақсыз кіруге бейімделеді. Бұл мүгедектігі бар адамдарға, балалар арбасымен келетін ата-аналарға және қозғалысы шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға, зейнеткерлер мен балаларға тегін кіру мүмкіндігі қарастырылып отыр.
Жобаның негізгі инфрақұрылымын қаржыландыруға «Бәйтерек» холдингі қатысады. Оған аспалы жолдар, шаңғы трассалары, жасанды қар жүйесі және басқа да инфрақұрылым нысандары кіреді. Кейін Қазақстанның Даму Банкінен шамамен 20 жыл мерзімге қайтарымды қарыз тарту жоспарланған. Ал қонақүйлер, мейрамханалар, жалға беру орындары және басқа коммерциялық нысандар жеке инвестиция есебінен салынбақ.