«Көктемдегі кездесу» керемет өтті
Өткен 2023 жылы Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен құрылған «Жаңа леп» театры Алматыға шығармашылық сапармен келді.
Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына табан тіреген өнер ұжымы көрерменді «Көктемдегі кездесу» атты музыкалық-поэтикалық қойылыммен қуантты. Шығарылымның қоюшы режиссері – Фархад Молдағали, көркемдік жетекшісі – Сержан Молдасанұлы.
Екі сағатқа созылған кеште іңкәр сезім, тоғысқан тағдырлар, мөлдір сағыныш пен баянсыз махаббат суреттеледі. Қойылымда Меңдекеш Сатыбалдиев, Күләш Ахметова, Бауыржан Үсеновтың поэзиясынан үзінділер оқылып, көрерменді нәзік үмітке жетеледі.
Сондай-ақ қазақ сахнасында қолтаңбасы қалған кешегі және бүгінгі композиторлардың туындылары шырқалып, өнерсүйер қауым әдемі ән әлеміне саяхат жасады.
«Самғау» би ансамбілі қатысқан кешті әсерлі сазбен сүйемелдеген «Алқоңыр» фольклорлық ансамблі.
Айта кетейік, «Көктемдегі кездесу» «Жаңа леп» театрының тарту етіп отырған екінші қойылымы. Өткен жылдың желтоқсан айында Еслям Нұртазинның режиссерлігімен алғаш «Құстар қайтып келеді» мюзикл жанрындағы қойылымның пермьерасы өтіп, театр жалпақ жұртқа өзін таныстырған болатын. Осы ретте аталмыш өнер ұжымы Түркістан облысы бойынша «Үздік шығармашылық ұжым» номинацисын иеленді.
Өнер ордасында дәстүрлі және эстрада әншілері, актерлер, бишілер, күйшілер және түрлі бағттағы музыканттар қызмет атқарады.