15 Ақпан 18:12

«Көктемде көреміз...» – Нұржігітовті қарғын су «ағызып» кетуі мүмкін

Министр
Фото: primeminister.kz

Бүгін Мәжілісте «сарқынды суларды қайта пайдаланудың проблемалары туралы» дөңгелек үстел өтіп, онда Президент Қ.Тоқаев сынға алған Су ресурстары және ирригация минитрі Нұржан Нұржігітов министрліктің атқарған жұмыстарын баяндады.

Сөз басында министр ұзақ сөйлейтінін ескертіп, жиырма минут бойы жаңадан құрылған министрліктің алты ай ішінде істеген жұмыстары туралы айтты. Нұржан Нұржігітовтың сөзін шараның модераторы депутат Еділ Жаңбыршин де бөлмей, басқаларды да баяндаманы толық тыңдауға шақырды.

Естеріңізде болса, өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан құрылған министрліктің жұмысына көңілі толмайтынын айтқан болаты.

Арнайы құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмысы әзірге ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Ал көрші мемлекеттер су тапшылығын жою үшін нақты мақсат қойып, белсенді жұмыс істеп жатыр, деген еді Қ.Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

NEGE тілшісінің сұрағына жауап берген Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин аталған министрлік жұмысының ауқымды екенін айтты.

Депутат
Фото: ғаламтордан

– Құрылған алты ай ішінде министрлік өзінің штаттық құрылымын жасақтады. Біз министрмен барлық уақытта байланыста отырмыз. Министр бүкіл өңірлермен танысты, су нысандарын, шаруашылықтарды, бассейндерді аралап көріп, енді «Су кодексін» дайындап алып келіп жатыр.

Өздеріңіз білесіздер, су шаруашылығы оңай шаруа емес, ауқымды сала. Бұл жерде бірнеше бағыт бар: экология мәселесі, өндіріс, ауыл шаруашылығы мен оның құбырлары, топтық құбырлар, ауызсумен қамтамасыз ету мәселелері бар. Жалпы тұжырымдамасын жасады, оны үкімет бекітті. Біраз шаруа жасалып жатыр, бірақ әлі де жұмысты тездету керек екенін президент айтты. Себебі климаттың өзгеруіне байланысты су мәселесі болашақта өзекті болатыны көрініп тұр, – деді Еділ Терекбайұлы.

Алайда мәжілісмен Сергей Пономарев Су ресурстары және ирригация минитрлігінің жұмысын «тым баяу» деп бағалады.

Депутат
Фото: ғаламтордан

– Әзірге нақты ештеңе көріп отырған жоқпыз. Бірақ министрліктің құрылғанына бар-жоғы алты ай ғана уақыт өтті ғой. Қазір олар «концепция дайындап, құжат әзірлеп жатырмыз, жобалау сметасын жасау үстіндеміз, барлық су қоймалары мен су жинайтын тоғандарға ревизия жүргіздік» дейді. Олар қалай жұмыс істегендерін көктем көрсетеді. Меніңше, олар тым баяу жұмыс істеп жатыр. Бірақ осындай министрліктің құрылғаны, осындай мамандар жиналғаны – өте дұрыс шешім, – дейді депутат С.Пономарев.

Жаңа Су кодексінің жобасы нені көздейді?

Аз кем тоқтала кетсек, Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген Парламент Мәжілісіне енгізілген жобада бірқатар жаңашылдықтар бар. Қазақстанның су заңнамасын өзектендіретін бірегей құжат болмақ. Жаңа министрлік осыған сендіріп отыр.

Жаңа Кодекстің мақсаты – экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, азаматтардың тұрмысын жақсарту және қоршаған ортаны қорғау, суды қауіпсіз пайдалануға қол жеткізу. Бұрынғы құжаттардан өзгешелігі, осыған дейін су экономикалық пайдаға қол жеткізу құралы ретінде ғана қарастырылған еді.

Жаңа Су кодексінде суды үнемдеуді көздейді. Су ресурстарын ұтымды пайдалануға, суды үнемдеу технологиялары мен суды қайта пайдалану жүйелерін енгізу шараларын қабылдауға, сондай-ақ жерасты ауыз суларын мақсатсыз пайдалануға жол бермеуге міндеттеледі.

Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу деңгейіне байланысты су беру қызметтері үшін төмендетілген тариф және субсидия түрінде мемлекеттік қолдау қарастырылған.

Ауыз су сапасын жақсарту талаптары пайда болды. Елдімекендерді сумен жабдықтауға және су бұруға арналған тарау едәуір кеңейді. Еліміздің су ресурстарын сарқылусыз, ластанусыз және су объектілерінің бітелуінсіз пайдалануға ерекше назар аударылады. Сондай-ақ, өзен, көл және теңіз экожүйесін сақтаудың басқа да амалдары қарастырылған.