Көкшетаудағы екі сот қызметкерінің өлімі арасында байланыс бар-жоғын полиция тексеріп жатыр
Полиция Ақмола облыстық сотының ішкі қауіпсіздік бөлімінің бас маманы Ақан Дайыркен мен қалалық сот әкімшілігінің басшысы болған Аян Дүйсековтің өлімі арасында байланыс бар-жоғын тексеріп жатыр.
Астана, NEGE. Ақмола облысының полиция департаменті бұл оқиғалар бойынша Қылмыстық кодекстің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
NEGE тілшісі Ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдап, мына сұрақтарға жауап сұрады:
- Аян Дүйсеков пен оның досы әрі әріптесі Ақан Дайыркеннің өлімдерінің арасында байланыс бар-жоғы тексеріліп жатыр ма?
- Ақан Дайыркен өзіне қол жұмсамаған, оны басқа біреулер өлтіріп, қылмысты суицид ретінде көрсетуі мүмкін деген болжам қарастырылып жатыр ма?
- Ақан Дайыркеннің денесінен зорлық-зомбылық белгілері табылды ма? Сот-медициналық сараптаманың алғашқы нәтижелері қандай?
- Аян Дүйсековтің өліміне қатысты тергеу кезінде Ақан Дайыркеннен жауап алынды ма? Оның берген мәліметтері тексерілді ме?
- Екі адамның өліміне қатысы болуы мүмкін өзге адамдар анықталды ма? Қылмыстық істер бойынша күдіктілер бар ма?
Министрлік бұл сұрақтарға жеке-жеке жауап бермеді. Алайда редакция көтерген барлық жайт тексеріліп жатқанын мәлімдеді.
«Тергеп-тексеру барысында өтінішіңізде келтірілген барлық мән-жайлар, оның ішінде қаза болған адамдардың өліміне қатысты ықтимал себептер мен өзге де тұлғалардың қатыстылығы туралы уәждер жан-жақты тексерілуде», – деп хабарлады тергеу департаменті бастығының орынбасары А.Қалдарбеков.
Еске салайық, 2026 жылғы 30 қазанда Ақмола облысының полиция департаменті Көкшетауда облыстық сот жүйесінің бас маманы Ақан Дайыркеннің мәйіті табылғанын растады. Полицияның алдын ала болжамынша, ол өзіне қол жұмсауы мүмкін.
NEGE дереккөзінің айтуынша, Ақан Дайыркен осы оқиғадан бір айдан астам уақыт бұрын әріптесі Аян Дүйсековтің мәйітін алғашқылардың бірі болып тапқан. Дүйсековтің жесірінің айтуынша, қаза болған жігіттер дос болған.
Ал Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің басшысы болған Аян Дүйсеков қыркүйекте қайтыс болған. Отбасы Дүйсековтің соңғы айларда жұмыста моральдық және психологиялық қысымға ұшырағанын мәлімдеді. Олар марқұмға қысым көрсетілген-көрсетілмегенін, заңсыз немесе негізсіз талаптардың болған-болмағанын, еңбек құқықтарының қаншалықты бұзылғанын және бұл жағдайлардың оның психологиялық жағдайына қалай әсер еткенін анықтауды талап етті.