Көкшетауда жүргізуші куәлігінсіз адам қағып кеткен әйелдің жазасы кейінге қалдырылды
Көкшетау қалалық сотында жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізіп, жаяу жүргіншіні қағып кеткен әйелдің ісі қаралды.
Астана, NEGE. Іс Қылмыстық кодекстің абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу (345-баптың 3-бөлігі) бабымен қозғалған.
Қайғылы жағдай биыл мамыр айында болған. Тергеу деректеріне сәйкес, көлік рөліндегі әйел тұрғын үй ауласына бұрылу кезінде жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Салдарынан жәбірленуші ауыр жарақат алып, алған жарақаттарынан ауруханада қайтыс болған.
Айыпталушы сотта жүргізуші куәлігі болмағанына қарамастан, жұбайының денсаулығының күрт нашарлауына байланысты және оның рұқсатымен көлік рөліне отырғанын айтқан.
Жаза тағайындау кезінде сот жүргізушінің жасаған ісіне өкінуін, оның асырауында кәмелетке толмаған балаларының болуын, жәбірленуші тарапқа келтірілген моральдық зиянды өз еркімен өтегенін, сондай-ақ бұрын әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа тартылмағанын жеңілдететін мән-жайлар деп таныған.
Бұған қоса сот Қылмыстық кодекстің 11-бабының 2-бөлігіне сүйеніп, сотталушы жасаған құқық бұзушылықты онша ауыр емес қылмыстар санатына жатады деп таныған. Ол бапта осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза бес жылдан аспайтын бас бостандығынан айыру болып табылатын, абайсызда жасалған іс-әрекеттер онша ауыр емес қылмыстар деп танылатыны айтылған.
Жәбірленуші тарап сотта материалдық және моральдық сипаттағы талаптарының жоқ екенін, келтірілген залал толық өтелгенін және кешірім сұралғанын айтып, оны бас бостандығынан айырмауды сұраған.
Сот үкімімен айыпталушы әйелге 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда сотталған адам екі жас баланы тәрбиелеп отырғаны ескеріліп, жазаны өтеу мерзімі 3 жылға кейінге қалдырылды.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, соттың хабарлауынша, көлікті жүргізуші куәлігі жоқ адамға бергені үшін көлік иесіне қатысты бөлек қылмыстық іс тіркелген.
Еске салсақ, 9 мамыр күні Көкшетауда жол-көлік оқиғасы салдарынан 12 жастағы баланы жалғыз тәрбиелеп отырған 52 жастағы әйел көз жұмды. Полиция бұл дерек бойынша екі қылмыстық іс қозғады. Тексеру кезінде күдікті әйелдің жүргізуші куәлігі болмағаны және автомектепте оқымағаны анықталған. 11 мамыр күні ол үйқамаққа алынды.