Көкшетауда бір ай бұрын әріптесінің мәйітін тапқан сот қызметкерінің өзі өлі табылды
30 қазанда Көкшетауда Ақмола облыстық сотының ішкі қауіпсіздік бөлімінің бас маманының мәйіті табылды.
Астана, NEGE. Алдын ала мәлімет бойынша, 1992 жылы туған қызметкердің денесін Сарыарқа шағынауданындағы тұрғын үйдің жертөлесінен әріптесі тауып, полицияға хабарлаған.
Ақмола облысының полиция департаменті ер адамның өзіне қол жұмсаған болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
«30 қазанда Көкшетауда ер адамның мәйіті табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол өзіне қол жұмсаған. Қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция.
Бір қызығы, алдын ала мәлімет бойынша, бүгін қайтыс болған маман бір айдан астам уақыт бұрын әріптесі Аян Дүйсековтің мәйітін алғаш болып тапқан. Алайда бұл ақпаратты құзырлы органдар әзірге ресми түрде растаған жоқ.
Еске салайық, қыркүйекте Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің 27 жастағы басшысы Аян Дүйсеков қайтыс болған еді. Оның туыстары марқұмның жұмыста психологиялық қысым көргенін мәлімдеген. Сот әкімшілігі бұл айыптауларды жоққа шығарды.
Аян Дүйсековтің өліміне қатысты «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.