Көкшетау техникалық институтының 147 курсанты ант қабылдады
Бүгін Көкшетау қаласының «Тәуелсіздік» алаңында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институты күндізгі оқу факультетінің бірінші курсқа қабылданған 147 курсантының ант беру салтанатты рәсімі өтті
.
Алматы, NEGE. Салтанатты шараға ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, сондай-ақ ТЖМ бөлімшелерінің басшылары мен қызмет ардагерлері қатысты. Іс-шара азаматтық қорғау органдарының 25 жылдығына орайластырылған. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин құттықтау сөзінде курсанттар өз өмірлерін адамдарды өрттен, төтенше жағдайлардан және табиғи апаттардан құтқару ісіне арнап, өмірлерінің жаңа бетін ашқанын айтты. Ант бере отырып, әрбір курсант өзіне еліне және оның азаматтарына қызмет ету, игі іспен айналысу, қиыншылыққа тап болғандарға көмектесу, азаматтардың қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз ету үшін жоғары жауапкершілік жүктейтігіне назар аудартты. ҚР ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, 2020 жылы Көкшетау техникалық институты күндізгі оқу факультеті курсанттарының құрамына 189 талапкер қабылданды. Олардың ішінен бүгін 147 курсант ант қабылдады. Ал Қазақстан Республикасы ТЖМ-нің 37 курсанты Ресей мен Беларусь Республикасының бейінді жоғары оқу орындарына жіберілді. Олар оқу орындарына жіберілгенге дейін ант қабылдаған болатын. Институт құрылғаннан бері бірінші курс курсанттары 26-ы рет қабылданды, 5 мыңнан астам маман дайындалды. Олар күні-түні азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, ең жауапты және күрделі учаскелерде қызмет атқарады.