Қоқыстан табылған нәресте өлімі: прокурор экс-полицейді өмір бойына соттауды сұрады
Семейде қоқыс контейнерінен табылған нәрестенің өліміне қатысты іс бойынша сот процесі жүріп жатыр. Сот барысында айыпталушы қыз бен жігіт оқиға кезінде полиция органдарында жұмыс істегені анықталды.
Астана, NEGE. Telegram-дағы Halyqstan арнасының жазуынша, биыл 3 ақпанда Семейдің сол жағалауындағы қоқыс контейнерлерінің бірінен орамалға оралған нәрестенің мәйіті табылған.
Тергеу барысында 2005 жылғы қыз бен оның 2000 жылғы жігіті күдікке ілінген. Қыз баланы пәтердегі дәретханада босанған. Кейін жігітіне телефон шалып, оған болған жағдайды айтқан. Жігіт келген соң қыз нәрестені ормалға орап беріп жіберген.
Жігіт ораулы баланы көлігімен Ломоносов көшесіне апарып, қоқыс контейнеріне тастап кеткен. Бастапқыда қыз баланың өлі туғанын айтқан. Алайда тексеру барысында нәрестенің тірі туғаны, кейін үсіп қайтыс болғаны анықталған.
Соттағы жарыссөзде прокурор қызды Қылмыстық кодекстің 100-бабы (Жаңа туған баланы анасының өлтiруi) бойынша кінәлі деп танып, екі жылға бас бостандығынан айыруды, бірақ 1 шілдедегі «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заңға сәйкес, оны жазадан босатуды өтінді.
Ал жігітті Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі (Жас баланы өлтіру) бойынша кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады. Сондай-ақ прокурор екі сотталушыны да арнайы шенінен айыруды өтінді.
Адвокаттар сотталушылардың әрекетін Қылмыстық кодекстің 104-бабына – Абайсызда қазаға ұшырату бабына қайта саралауды және осы бапта көзделген жаза шегінде жаза тағайындауды сұрады.
Әзірге бұл іс бойынша үкім жарияланған жоқ. Сот талқылауы жалғасады.