«Көке» кімнің бейнесін көрсетеді?
«Көке» фильмі тикетондағы рейтинг бойынша көш бастап тұр. Асылжан Әбдімүтәлі таспалаған абсурдттық комедия батыстың біраз белді режиссерлерінің туындысын қаралымы жағынан шаң қаптырып отыр.
Алдымен Астанада тұсауы кесілген туындының Алматы, Шымкент, Ақтөбе және Қызылорда қаласының көрермендеріне таныстырылымы өтті. Актерлік құрам тегіс бой көрсеткен Алматы қаласындағы жабық көрсетілім дүбірлі өтті. Айгүл Иманбаеваның эстрада мен театр сахнасындағы әріптестері оны қолдауға қалмай келді. Атап айтар болсақ, Гүлзира Айдарбекова, Жанар Айжанова, Мәдина Сәдуақасова, Тәуекел Мүсілім, Шахизада, Жанболат Найзабеков сынды шоу-бизнестің бірқатар өкілдері мен қатар белгілі блогерлер де төбе көрсетті.
Фильмге Айгүл Иманбаева бас продюсер болып қана қоймай, өзі де ойнаған. Ұлының дебютті туынысы болған соң актриса бар шеберлігі мен тәжірибесін салған. Асылжанның әкесі Сәбит Әбдіхалықов та көркем образды алып шықты. Ине шаншар орын болмаған залда жас режиссердің төрт айлық Айсұлу есімді қызы да анасының құшағында жүрді.
Туындыға тоқталар болсақ, басты рөлдерде елмізге белгілі актерлер Тұңғышбай Жаманқұлов, Сафуан Шаймерденов, Дулыға Ақмолда, Баян Мақсатқызы ойнайды. 16 жастан жоғарғы көрермендерге арналған комедияның оқиға желісі қызықты өрбігені сол, 90 минуттың көзді ашып-жұмғанша өте шыққанын аңғармай қаласыз.
Саяси астары бар кэш комедияда драма да көрініс табады. Билік пен қоғам арасындағы байланыс, қарапайым өмірдегі шиеленістер, тіпті жемқорлық та құр қалмаған. Ал әр актердің айтар сөзінің астарында бүнінгі қоғамның бейнесі қылаң береді.
«Фильмнің идеясы әкеме тиесілі. Сценариі «Көке» пьесасының негізінде жазылды. Көрермен күліп отырып, кіжінуі де мүмкін. Өзге комедиялардан ерекшелігі осында», – дейді Асылжан Әбдімүтәлі.
Белгілі театр және кино актері Сафуан Шәймерденов қала әкімінің Сымбат есімді орынбасарын ойнаған. Әкімнің қолы былғанып, пара алуына да себепкер болатын әдеттегдей – орынбасары.
«Фильм жайлы халықтың пікірі өте жақсы. Өйткені айтар ойы мен астары бар. Сондай-ақ рөлім де өзіме ұнайды. Негізі түскен өтініштің бәріне бірдей келісім бермейтінім бар. Бірақ Асылжан сценариді жібергенде көңіліме бірден қона кетті. Актерлік құрамды да тамаша таңдаған», – деп тамсанды С.Шәймерденов.
Алайда актер алған қаламақысы жайлы ашып айтпай, қазіргі таңда «тегін» деген түсініктің жоғын алға тартып, «құр қол қайтармады» деп қайырды.
Фильмді көрген көзі қырағы көрермен де жиылған журналистерге өз ойын бөлісті. Мәселен, Рауан Тұрсынбайұлы есімді азамат туындының түбегейлі қазақ қоғамының бейнесін көрсететінін алға тартты.
«Түйені түгімен жеуге дайын жең ұшынан жалғасқан жемқорлық мәселесі тамаша суреттелген. Кейіпкерлерді көре отырып, кешегі Бөке-Көкелерді көзіме елестеттім. Ал биліктің дәурені біткенде көзіне ыстық жас алған шенеуніктердің әрекеті пәрменсіз Перуашовтың портретін елестетті», – дейді көзі қырағы көрермен.
Айта кетейік, премьерадан күні кеше «өмірге егіз қыз әкелді» деген Баян Мақсатқызын да көрдік. Айгүлмен көп жылдан бері шығармашылық тандем орнатып келе жатқан продюсер ақша үшін әкімнің көңіл қошын тапқан имиджмейкерді сомдайды.
Кебіннің жай киімнен айырмашылығы неде? «Себебі, онда қалта болмайды» дейді қалтыраған кейіпкер. Рас, пенде баласын құрдымға кетіретін де – сол қалта, яғни құлқынның қамы. Ендеше, өз несібеңді ал, өзгенікіне тиіспе!
Абсурттық комедияның айтар ойы да осы.