26 Желтоқсан 14:10

КӨК үшін күрес немесе қолды болған МИЛЛИАРДТАРДЫҢ ізі

Фото:

Владимир Агафоновтың Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің және Азаматтық авиация комитетінің үстінен түсірген талап-арызы бойынша Астана қалалық сотында іс қайта қаралмақ. Талап-арыз беруші «Қазаэронавигация» басшысы қызметіне жарияланған байқаудың қорытындысын қайта қарауды талап етіп отыр. Байқауда ол Нұржан Ахметовтен ұтылған-ды. 

Агафонов бірінші сотта ұтылып, апелляциялық шағым берген. Қызық осы жерден басталды: 6 қыркүйекке белгіленген отырысты 16 тамызға шегереді. Сот процесі небәрі үш минутқа созылды. Сот алқасы Агафоновтың пайдасына шешім қабылдап, байқаудың қорытындысын заңсыз деп тапты.

Жоғарғы сот апелляциялық инстанцияның қаулысын кері қайтарып, істі  қайта қарамақ.

Айта кету керек, Қазаэронавигация – бұл мемлекеттік компания. Коммерциялық негізде ұшу, қону барысында аэронавигациялық қызмет көрсетеді. 2022 жылдың тамыз айына дейін бұрынғы сенатор Ерлан Нығматуллиннің күйеу баласы Азат Бектұров сегіз жыл бас директор болып, осы мекеменің тізгінін ұстап келді. Кейбір деректер бойынша, ол қазір Дубайда тұрып жатқан көрінеді. Оның орнына 8 үміткер бақ таластырған. Бұлардың қатарында Ахметов пен Агафонов та бар.

Владимир Агафоновқа келсек, жасы 66-да. Қарағанды облысының тумасы. Нығматуллиндермен жерлес. Бірі қызы бар екен. Онысы Ресей азаматтығын алған.

Агафонов ұшқыш білімін алып, осы авиация саласында мәнсап қуыпты. 2017 жылдың қыркүйегінен 2023 жылдың наурыз айына дейін QazaqHelicopters ЖШС-ның директоры болған. 2020 жылы Авиация әкімшілігі тарапынан жүргізілген тексеру барысында бұл компанияның қызметі тоқтатылған.

Коллаж: ғаламтордан

Байқау барысында Нұржан Ахметовтың мерейі үстем болғанын айттық. Оның Қазаэронавигацияда істейтіні, жоғары техникалық білімінің барлығы, сонымен қатар, іскерлік басқару магистрі екені шешуші рөль атқарған сыңайлы. 2009 жылдан бастап 2014 жылға дейін осы мекемеде басқарушы қызмет атқарды. Жоспарлы-экономикалық басқару бастығының орынбасары қызметінен бастап басқарушы директорға дейін өскен.

Басқа үміткерлерден байқаудың нәтижесіне қатысты ресми түрде ешқандай наразылық келіп түспеген. Жаңа бас директорге Бектұров кезінде Bank RBK және Qazaq Banki шоттарында ізім-ғайым жоғалып кеткен 54 млрд теңгені қайтаруға тура келеді. Мекеменің қазіргі басшысы Нұржан Ахметов бар көмегін аямай, Генпрокуратура мен Жоғарғы аудиторлық палатаға қолды болған миллиардтардың қайда кеткенін анықтауға және қаражаттың бір бөлігін қайтаруға мұрындық болған.

Егер бұл тағайындауды заңсыз деп тауып, орнынан алып тастаса, Нығматулиндердің кезінде жоғалған ақшаның қалған бөлігін қайтару мүмкін бола ма, жоқ па? Басты гәп осыда.

Тегтер: