Көк-Жайлауда 2 мыңға жуық Шренк шыршасы отырғызылды
Алматыдағы Көк-Жайлау аумағында студенттер мен жастардың қатысуымен экологиялық акция өтіп, 2 мыңға жуық Шренк шыршасы отырғызылды.
Астана, NEGE. Іс-шараға экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, «Kazakh Tourism Development Ltd.» компаниясының бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев және ғылыми ұйымдардың өкілдері қатысты.
Акция Almaty SuperSki жобасы аясында жастармен жүргізілген кездесулердің жалғасы болды. Бұған дейін студенттер жоба, таулы аумақтарды дамыту және Көк-Жайлаудың болашағына қатысты сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтқан.
Kazakh Tourism Development Ltd
Әлібек Қуантыров туристік инфрақұрылымды дамыту кезінде табиғатты қорғау талаптары сақталуы тиіс екенін айтты.
«Біз табиғи ресурстарды жауапкершілікпен пайдалану қағидатын басшылыққа аламыз: алынатын әрбір ағаштың орнына он ағаштан өтемдік отырғызу қамтамасыз етіледі. Бұл ретте туристік кластерді іске асыру аймағындағы Қызыл кітапқа енгізілген бірде-бір ағаш көшірілмейді және алынбайды», – деді министр.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жастардың мұндай бастамаларға қатысуы маңызды екенін атап өтті.
«Тау – Алматының ажырамас бөлігі әрі қаланың өзіндік болмысының бір белгісі. Біз үшін жастардың қаланың болашағы мен оның табиғи аумақтарына қатысты мәселелерден шет қалмауы маңызды», – деді ол.
Kazakh Tourism Development LtdЕржан Еркінбаев Almaty SuperSki жобасының келесі кезеңдері басталғанға дейін экологиялық шаралар қолға алынатынын айтты.
«Біздің ұстанымымыз айқын: кез келген даму табиғатқа құрметтен басталуы керек. Сондықтан Almaty SuperSki жобасын іске асырудың келесі кезеңдеріне дейін біз нақты экологиялық қадамдардан бастаймыз. Жаңа ағаштар отырғызу – сондай қадамдардың бірі. Көк-Жайлау Алматының өкпесі болып қала береді», – деді ол.
Акцияға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультетінің ботаника және агроэкология кафедрасының өкілдері де қатысты.