23 Желтоқсан 10:44
...

Көк көйлек киген Клинтон: Эпштейн ісі бойынша тосын фотолар жарияланды

АҚШ Әділет министрлігі сайтынан
Фото: АҚШ Әділет министрлігі сайтынан

АҚШ Әділет министрлігі сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерге барған деп айыпталған Джеффри Эпштейнге қатысты құжаттардың алғашқы легін жариялады.

Астана, NEGE. Жарияланған құжаттардың ішінде фотосуреттер, видеолар және тергеу материалдары бар. Конгресс барлық файлдарды жұма күніне дейін толық көлемде жариялауды талап ететін заң қабылдаған. Алайда Әділет министрлігі белгіленген мерзімге дейін барлық құжатты жариялай алмайтынын мәлімдеді. Бұған қоса мыңдаған файлдағы көптеген дерек қатты редакцияланған, деп жазады BBC.

Жаңа жарияланған құжаттарда бұған дейінгі Эпштейн файлдарында кездеспеген кең ауқымды танымал тұлғалар тізімі қамтылған.

Эпштейн ойын-сауық, саясат және бизнес саласындағы ықпалды адамдармен тығыз байланыста болғанымен танымал болған.

Сенбі күні Әділет министрлігі сайтынан кемінде 13 файл алынып тасталды. Кейінірек Бас прокурордың орынбасары Тодд Бланш мұның жәбірленушілердің жеке өмірін қорғау мақсатында жасалғанын айтты.

Алғашқы жарияланған құжаттар арасында бірқатар танымал тұлғаның есімі аталады. Олардың қатарында АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтон, сондай-ақ музыканттар Мик Джаггер мен Майкл Джексон бар.

Эпштейнге қатысты бұрын және жаңа жарияланған құжаттарда аталған көптеген адам қандай да бір кінәсін мойындамай, барлық айыптауды жоққа шығарған.

Жарияланған фотолардың бірнешеуінде АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтон бейнеленген.

Бір суретте ол бассейнде жүзіп жүрсе, енді бір фотодан оның джакузиге ұқсас хауызда шалқасынан жатқанын байқауға болады.

АҚШ Әділет министрлігі сайтынан
АҚШ Әділет министрлігі сайтынан

Құжаттар арасында тағы бір фото ел назарын аударды. Ол картинадан түсірілген фотоға ұқсайды. Картинадан Билл Клинтонға ұқсайтын ер адамның көк көйлек киіп отырғаны бейнеленген.

Құжаттар жарияланғаннан кейін Клинтонның өкілі Анхель Уренья екінші рет мәлімдеме жасап, Әділет министрлігін «біреуді немесе бір нәрсені қорғап отыр» деп айыптады.

«Олар 20 жылдан астам уақыт бұрынғы бұлыңғыр суреттерді қалағанынша жариялай берсін. Алайда бұл Билл Клинтонға қатысты емес. Бұрын да олай болмаған, қазір де емес, ешқашан да болмайды», – деп жазды ол.

Билл Клинтон 1990-2000 жылдардың басында Эпштейнмен бірнеше рет суретке түскен. Алайда ол әлі күнге дейін оның жыныстық қылмыстары жөнінде білмегенін айтып келеді.