Қоғамнан серіктестікке: проблемалар НЕГЕ азаймайды?
Келесі жылы «Проблемалық кредиттер қоры» акционерлік қоғамнан жауапкершілігі шектеулі серіктестік формасына ауысуы мүмкін. Бұл туралы Қаржы министрлігіне қатысы бар NEGE дереккөзі хабарлады. Бұл мәселе трансформация бойынша бірнеше ұсыныстың қатарында қарастырылып жатыр.
Астана, NEGE. АҚ-дан ЖШС формасына өту Проблемалық кредиттер қорының басқарушы құрамын ықшамдауға мүмкіндік береді. Қазіргі акционерлік қоғам форматында компания корпоративтік басқару талабына сай толыққанды басқарма ұстауға тиіс. Мысалы, қазір қорда бір төраға және оның төрт орынбасары бар. Қаржы министрлігіне толық бағынышты жауапкершілігі шектеулі серіктестікке айналса, онда әкімшілік құрылымын ықшамдап, штатты мүмкіндігінше тиімді қайта құруға мүмкіндік ашылады.

Проблемалық кредиттер қорының 2025 жылғы шоғырланған бөлек есептілігі кеше жарияланып, осы құжаттан қызметкерлер саны 2024 жылы 285 адам болса, 2025 жылы 243 адамға дейін қысқарғаны белгілі болды. Дереккөздің айтуынша, штат тағы да толық ықшамдалып, 150 адамға дейін қысқаруы тиіс.
-
Тақырыпқа орай: Сатса да шығын, сатпаса да шығын. Проблемалық кредиттер қоры НЕГЕ бәрін сатса да проблемадан құтыла алмайды?
Сонда жалпы әкімшілік шығындарды жылына 4 миллиард теңге, ал еңбекақы қорын 3,2 миллиард теңге деңгейінде ұстап отыру көзделген. 2025 жылы «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ әкімшілік шығындары 4,8 миллиард теңгеге дейін жеткен еді. Оның ішінде жалақыға 3,4 миллиард теңге жұмсалған.

Демек, Үкіметтің өзіне бағынышты қорды толық жауып тастау идеясынан бас тартқаны анық. Былтыр депутаттар осындай ұсыныс білдіргені есімізде. Бірақ проблемалық активтерді басқарып, сату немесе экономикалық оңалту арқылы мемлекет шығындарын өтеуі тиіс мұндай құрылымды бір сәтте жауып тастау мүмкін емес. Себебі портфельдің ұзақ жылдарға созылатын міндеттемелері бар.
«Проблемалық кредиттер қоры» АҚ 2025 жылды 5,2 миллиард теңге таза пайдамен аяқтады. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 68 пайызға артық. Қордың активтері 253,1 миллиард теңгеге жетіп, міндеттемелері небәрі 1,3 миллиард теңгені құрады. Ал шоттарында биылғы жылдың басында 32,7 миллиард теңге ақша жатты.

Бірақ негізгі проблема тарихи баланс болып қала бермек. Қордың жинақталған шығын сомасы 290 миллиард теңгеден төмендемей отыр.
Оны кезінде қорға проблемалық активтерін, қарыздарын әділ құнынан анағұрлым артық бағамен өткізіп жіберген Ескі Қазақстанның ықпалды тұлғаларының мемлекетке келтірген шығыны деп есептеуге болады.
Еске сала кетейік. Кезінде мемлекет банк жүйесін проблемалық активтерден тазарту үшін үлкен капитал бөлді. Қор банктерден нашар кредиттерді, жылжымайтын мүлікті және бизнес жобаларды қабылдады.
Бірақ енді олардың барлығын бастапқы бағамен қайтару мүмкін емес. Жинақталған шығын осы минусты көрсетіп тұр.
Қазір оқып жатыр
Алматы және Алматы облысында электр энергиясы тарифін 8,3%-ға көтеру ұсынылды
Әбілқасымованы отставкаға жіберу туралы петицияға агенттік жауап берді
Таиландтан сәлемдеме алып жүрген алматылық жігіт 16 жылға сотталды
Ресейде кәмелетке толған азаматтарға әке-шешесін ата-ана құқығынан айыруға рұқсат етілмек