2 Тамыз 19:43
...

Қоғамдық орында бетті тұмшалауға тыйым: Алматы полициясы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді

Никаб
Фото: pixabay.com
Алматы қаласының тәртіп сақшылары қоғамдық орындарда бетті жабуға қатысты тыйым бойынша түсіндіру жұмыстарын жалғастырып жатқанын еске салды. 

Алматы, NEGE. Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл шаралардың құқықбұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту үшін қажет екенін атап өтті.

Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Серік Шумаев былай деді:

«Жаңа ережелердің негізгі мақсаты – адамның тұлғасын жедел әрі дәл анықтауға мүмкіндік жасау. Бұл шектеу тек бетті толық жауып тұратын киім элементтеріне – маска, никаб сияқты бетті жауып тұратын киімдерге қатысты қолданылады».

Сонымен қатар, ол заңда кейбір негізделген ерекшеліктер қарастырылғанын да айтты:

  • денсаулық жағдайына байланысты,
  • қолайсыз ауа райы кезінде,
  • қызметтік міндеттерді орындау барысында,
  • жаппай іс-шараларға қатысу кезінде.

Полиция халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғаса беретінін мәлімдеді.

«Барлық қабылданып жатқан шаралар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, соның ішінде діни сенім бостандығын сақтай отырып, қолданыстағы заңнама аясында іске асырылады», деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

2025 жылғы 30 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау қызметіне қатысты бірқатар жаңашылдықты көздейтін заңға қол қойды. Аталған заңның негізгі баптарының бірі – қоғамдық орындарда бетті жабатын киімдер киюге тыйым салу нормасын енгізу.