20 Қараша 15:05
...

Қоғамда «Неге?» деген сұрақ көп, бірақ NEGE жалғыз!

Саясаткер
Фото: ғаламтордан

Қазір не көп, сайт көп. Біздерде анадай бар, мынадай бар дегендей. Сан бар, ал сапа болса, кейде сын көтермей жатады. Хайп пен хейт, фейк пен фарс үстемдік еткен қазіргі кезеңде арзан ұпай жинағысы келетін БАҚ та жоқ емес.

Кез келген мемлекеттің даму кезеңінде саяси транзит, яғни бас биліктің ауысуы тұсында әр жыл шартты түрде бес жылға татиды деп есептесек, қоғамдық-саяси, ақпараттық тұрғыдан алғанда NEGE ширек ғасырға толып отыр десем, артық болмас.

NEGE – ескі Қазақстан құрдымға кетер алдында дүниеге келіп, Жаңа Қазақстанның барлық қызығы мен шыжығын, ақпараттық жауапкершілігін арқалап келе жатқан бірегей БАҚ.

Осы уақыт ішінде портал деген әр оқырманның көкейінде күнделікті туындайтын «НЕГЕ?» деген сауалға жауап беріп қана келе жатқан жоқ: сайттың қоғам өмірін дамытудағы рөлі одан гөрі ауқымдырақ. Талантты әріптестерден тұратын редакция Жаңа Қазақстанның жаңа ақпараттық жағдайында лайықты орнын ойып алды.

Әрине, сайттың негізгі қозғаушы күші – қазақтың белгілі де беделді, билік пен билік сыншыларына бірдей бейтарап бас редактор Ерік Рахым. Ерік бауырымның еркін ойлығы, еңбекқорлығы, өзіне ғана тән ерекшеліктері сайтта менмұндалап тұрғаны рас.

Бес жыл
Фото: NEGE

Сонымен бірге сайттың динамикасына дем беруші Динара, шынайы ақпарат дегенде шарқ ұратын шолушы Динар, сайттың едел-жеделдігіне жауапты Маржан, әлеуметтік желіде «зың-зың» ететін Зарина, Тик-Токта танымал тапқыр қыздар Аружан мен Зере – бәрінің илегені терінің бір пұшпағы және де ол илеу қоғамдық ой-сананы билеуге апаратына сөзсіз.

Өзіме келетін болсақ, осы уақыт ішінде NEGE колумнисі ретінде жүйелі түрде мақала жазып жүргенімді мақтан тұтамын. Бір айтарым, бас редактор Е.Рахым осындай ұсыныс жасағанда, редакция тарапынан ешқандай да цензура не тыйым тақырыптар болмайтынына уәде берген. Сол уәдесін бұзған жоқ.

Ескі Қазақстанның саяси оппоненті болған, Жаңа Қазақстанның идеяларын қолдасам да, декларациялардың орындаулына көңлі толмай жүрген мен сияқты сыншыл журналистке мінбер бергені де NEGE -нің тәуелсіз әрі дербес БАҚ екенінің бір дәлелі болса керек. Сол себепті NEGE-мен шығармашылық ынтымақтастығымды жалғастыра бермекпін.

Өкінішке қарай, өтпелі кезеңдегі қоғамымызда «НЕГЕ?» деген сауал көбейіп барады. Бұл өзіміздің – қоғам мен биліктің кінәсі һәм соры. Сол қоғамдық ойдың тар жол, тайғақ кешу кезеңінде NEGE өз орнын нығайта түсетініне сенімім мол!

Әміржан ҚОСАН, саясаткер.