Референдум Референдум
17 Ақпан 12:35
...

«Көбі – екпе алмаған балалар»: Алматыда 482 адам қызылша жұқтырған

Қызылша
Фото: freepik.com

Алматыда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз күйінде қалып отыр, ауруды жұқтырғандардың басым бөлігі – вакцина алмаған балалар.

Референдум

Алматы, NEGE. Бұл жөнінде Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықованың мәлімдеуінше, жыл басынан бері қалада қызылшаның 482 расталған жағдайы тіркелген.

«Сырқаттанғандардың көбі қызылшаға қарсы екпе алмаған балалар екенін көріп отырмыз. Бұл инфекцияның таралуына және ауру ошақтарының қалыптасуына тікелей әсер етеді. Сондықтан вакцинация мәселесі бүгін ерекше өзекті болып отыр», – деп атап өтті департамент өкілі.

Ресми дерекке сүйенсек, расталған жағдайлардың жалпы санының 451-і 14 жасқа дейінгі балаларға тиесілі, бұл 93,5%-ға тең. Оның ішінде жасөспірімдер – 0,4%, ересектер – 6,01%. 

Қызылша жұқтырғандардың басым бөлігі Алатау ауданында тіркелген – 197 жағдай. Наурызбай ауданында – 110, Бостандық ауданында – 45, Әуезов ауданында – 39, Алмалы ауданында – 32, Түрксіб ауданында – 24, Жетісу ауданында – 20 және Медеу ауданында – 15 жадай тіркелген.

«Ауырғандардың 87,9%-ы қызылшаға қарсы екпе алмаған. Негізгі себептер – вакцинадан бас тарту, медициналық қарсы көрсетілімдер және екпе жасына жетпеу», – дейді Әсел Қалықова.

Екпе алғандардың арасында қызылшаның 34 жағдайы тіркелген, олардың 33-і толық емес вакцина курсынан өткен, тек біреуі ғана толық екпе алған. Ауырғандардың ең көп үлесі 1 жастан 4 жасқа дейінгі балалар мен бір жасқа дейінгі сәбилерге тиесілі екен.

Барлық инфекция ошақтарында эпидемияға қарсы шаралар жүргізілген.

Мамандар вакцинация қызылша мен оның асқынуларынан қорғанудың жалғыз тиімді жолы екенін атап өтті. «Әрбір вакцина дозасы баланың иммунитетін күшейтіп, аурудың ауыр өту қаупін азайтады» деген департамент өкілі ата-аналарды екпеге атүсті қарамауға шақырды.

«Қызылша жұқтырғандардың көбі екпе алмаған балалар»: Алматыда 482 жағдай тіркелген

«Көбі екпе алмаған балалар»: Алматыда 482 адам қызылша жұқтырған

Референдум