7 Қараша 14:39
...

Клептократтар керуені. Айгүл Нұриева НЕГЕ байлығын жасырып жүр?

Кәрім Мәсімов
Фото: Коллаж: NEGE

Қазақстандағы Қаңтар дүрбелеңінен кейін Ұлыбритания парламентінде лейборист Маргарет Ходж мәлімдеме жасап, Қазақстан билігі басындағы топтың «жемқорлықпен тапқан лас ақшасы» туралы баяндама жасағаны есте. Бірақ мұның нәтижесі қандай болғаны белгісіз.

Ықпалды лейбористің пайымдауынша, ресми Лондон ондаған жылдар бойы Нұрсұлтан Назарбаев пен оның кланының лас ақшаны оңды-солды сапырып жатқанына көз жұмып келді. Маргарет Ходж нақты адамдардың аты-жөнін атап, олардың кірісі мен активтері үлкен күмән туғызатынын мәлімдеді және Ұлыбритания билігін клептократиямен (ұрылардың билігі – ред.) шындап күресуге шақырды.

Сонымен, М.Ходж атаған клептократтар кімдер еді? Олар – Нұрсұлтан Назарбаев, Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаева, Дариға Назарбаева мен оның азаматтық күйеуі Қайрат Шәріпбаев, Нұрәлі Әлиев, Әлия Назарбаева, Болат Назарбаев, Кәрім Мәсімов пен Айгүл Нұриева, Владимир Ким, Кеңес Рақышев, Сауат Мыңбаев, Александр Машкевич пен Патох Шодиев, Болат Өтемұратов, Ахметжан Есімов, Қайрат Боранбаев, Александр Клебанов пен оның ұлы Яков, Нұрлан Нығматулин, Бауыржан Байбек, Марат Бекетаев, Қайрат Сатыбалды мен оның бауыры Самат Әбіш.

Бұл аты аталған «клептократтардың» бірен-сараны ғана қамалып, енді бірі жеңіл жазамен құтылғаны болмаса, көпшілігі Қазақстанда жоқ. Мәселен Кәрім Мәсімов ұзақ жылға сотталғанымен, оның «сенімді өкілі әрі қазынашысы» Айгүл Нұриева Еуропаның төрінде «үріп ішіп, шайқап төгіп» жүрген көрінеді. «Выход к морю» телеграм каналы Франциядан Нұриеваның құны миллиардтаған теңге тұратын тағы бір вилласы табылғанын жазды.

Офшор
Фото: «Выход к морю» телеграм каналы

«Кәрім Мәсімовтің жеке қазынашысы Айгүл Нұриеваның Франциядан тағы бір вилласы табылды. Ол Канны қаласының түбіндегі 1,4 гектар жер мен виллаға иелік етеді. 2014 жылы Нұриева жер мен виллаға 26,4 млн еуро төлеген, ал қазіргі құны 33 млн еуроға немесе 17,6 млрд теңгеге жетті. Нұриеваның осы вилламен іргелес «Посейдон» деп аталатын тағы бір вилласы бар. Бұл туралы біз бұрынырақта жаздық. «Посейдонмен» көрші жер телімі де Нұриеваға тиесілі екеніне күдігіміз болғанымен, дәлелдей алмағанбыз. Француздың мемлекеттік жер кадастры дерегі жаңарғаннан кейін ғана бұған нақты көзіміз жетті.

Вилла, теннис корты, ашық бассейні және тұтастай түбегі бар жер телімі Cap Notre Dame компаниясының иелігінде. Бұл компанияны қазір Айгүл Нұриева мен оның екі қызы Айман және Айла Әбуовалар басқарады. Бұлардың аты-жөндері мен туған жылдары Фехтования ұлттық федерациясының президенті Мирболат Әбуовтің қыздарының дерегімен толық сәйкес келеді. Француздың коммерциялық реестрі көшірмесінде Айгүл Нұриеваның Қазақстан паспортын Кипр паспортына ауыстырғаны және бұрынғы күйеуі Гафур Ихсанның тегін пайдаланып жүргені белгілі болды. Осындай жолмен ол Ұлыбританияда жаңа компанияны тіркеп алған», – деп жазады телеграм канал.

Бұрынғы биліктің тұсында Қазақстандағы ең бай әрі ең ықпалды әйелдердің бірі саналған Айгүл Нұриеваның байлығы 1 млрд долларға жетеқабыл болатын. Ол «Қазақтелекомның», «Қазкоммерцбанктің» және «Tele 2» компаниясының акциясына иелік етті. Кейін қазақстандық компаниалардың акциясын Н.Назарбаевтың отбасы мүшелеріне немесе отбасыға жақын адамдарға сатып, біржола шетелге кетіп қалды.

Бұл туралы телеграм канал былай деп жазыпты: «Нұриева Кәрім Мәсімовтің жеке тапсырмаларын орындап жүрген. Мәселен, долларлы мультимиллионер үшін біртүрлі әуестік болса да, Мәсімовке спорттық құрал-жабдық сатып әперген. Бұдан бөлек, Нұриева мен Мәсімовтің байланысы «Tele 2» компаниясының құнды қағаздар жөніндегі америкалық комиссия үшін жасаған есебінен көрінеді. Компания Қазақстандағы келісімшарттар кезіндегі жемқорлық айыбы бойынша есеп өткізуге мәжбүр болған.

Назарбаев
Н.Назарбаевтың К.Мәсімовке ҰҚК генерал-майоры шенін табыстаған сәті. 2019 жыл, 18 наурыз. Фото: akorda.kz

Қазақстандық компаниялардағы үлесін Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасымен байланысты адамдарға (Александр Клебанов та бар) сатқаннан кейін Айгүл Нұриева шетелге біржола кетті. Қазақстаннан шығарып әкеткен қаржыға Нұриева Жерорта теңізі жағалауынан ғана жылжымайтын мүлік сатып алған жоқ, Лондоннан жалпы құны 25 млн фунт стерлинг тұратын екі пәтер иеленген. Нұриеваның көршілері – Қазақстандағы ең үлкен офшорлық желі Meridian Capital-ды құрған Евгений Фельд пен оның әйелі Гүлнара Жөкебаева, Асқар Алшынбаев пен оның әйелі және А. Алшынбаевтың ұлы Әділ. Бұлар Лондоннан қос-қостан пәтер алып қана қоймай, Францияда да Нұриевамен қоңсы қоныпты.

Сондай-ақ Нұриеваның Гонконгта Mount Kellett Road 37 мекенжайында вилласы бар. Арал-қаланың ең қымбат ауданындағы бұл активтің құны шамамен 17,7 млн доллар. Ал егер бұған Лондондағы екі пәтер мен Франциядағы екі вилланы қоссақ, Нұриеваның біз шетелден тапқан активтерінің жалпы құны 90 млн доллар немесе 44 млрд теңге болады. Дегенмен, Қайрат Сатыбалдының мемлекетке қайтарған 650 млрд теңгесінің жанында бұл қораштау көрінуі де мүмкін».

Мәсімовтің қазынашысы саналған әрі «шетелдік» болып үлгерген А.Нұриеваның «жиған-тергені» әлгіндей болса, Мәсімовтің өзінің активтері қанша? Оның қаншауы мемлекетке қайтарылды? Қайтпағаны қайда?

Әлі де кеш емес, егер қазіргі билік «Жаңа Қазақстан» мен «Әділетті Қазақстан» теориясына халықты сендіргісі келсе, осының бәрін ашық мәлімдеуі керек.